«ҚР отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» ұлттық баяндамасы таныстырылды

Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған «Қазақстан Республикасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» ұлттық баяндамасын таныстырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуге арналған «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны аясында өтті. Бұл науқан 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында БҰҰ бастамасымен бүкіл әлемде өтеді. Мақсаты – зорлық-зомбылық проблемасына назар аудару, жәбір көрген адамдарды қолдау және қоғамды ақпараттандыру.
Басқосуға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ғылыми-сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов сөз сөйлеп, баяндаманың мәні мен маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында Ұлттық баяндаманың негізгі нәтижелері таныстырылып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ отбасын қорғауға бағытталған мемлекеттік органдардың, отбасын қолдау орталықтарының, дағдарыс орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың рөлі талқыланды.
Баяндама деректерін сарапшылар мен мемлекеттік органдар негізге ала отырып, кеңінен пайдаланады. Ал онда көрсетілген ұсынымдар стратегиялық және нормативтік құжаттарды әзірлеу кезінде ескеріледі.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбының ауқымы артып, ведомствоаралық мәселе мен қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды.
2024 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтарды қылмыстық санатқа ауыстырып, жәбірленушілерді қорғауды күшейтті.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңда агрессорлар үшін міндетті түзету бағдарламалары қарастырылған, сондай-ақ Отбасын қолдау орталықтарының функциялары бекітілген.
Заң аясында министрлік Отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіріп, оларға әдістемелік бағыт береді.
Бұл орталықтар мемлекеттік отбасылық саясатты іске асырады, соның ішінде отбасын сақтау, жанұядағы жанжалдарды шешу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары бар.
Заң қабылданғаннан кейін Отбасын қолдау орталықтарының саны төрт есе өсіп, 33-тен 131-ге жетті.



