ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы

Бүгін Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде «ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай қабылданған рақымшылық туралы заңының жүзеге асырылуы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Онда Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыпты қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының прокуроры Мейірбек Қайырбай аталған заңның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Спикердің айтуынша, бұл заң жай ғана заңдық құжат емес, терең әлеуметтік және гуманистік мәнге ие. Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған құжат әділдік пен мейірімділікті ұштастыра отырып, түзелуге дайын азаматтарға екінші мүмкіндік беруді көздейді.
«Рақымшылық заңының мәні неде? Бұл заң мемлекеттің гуманизм мен әділдікке негізделген саясатының айқын көрінісі. Оның мақсаты – қателікке бой алдырған, бірақ түзелуге дайын азаматтарға қоғамға қайта оралу мүмкіндігін беру, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санаттағы азаматтарды (қарттар, әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, кәмелетке толмағандар, бала тәрбиелеп отырған ата-аналар) қолдау, түзеу мекемелеріндегі жүктемені азайтып, ресурстарды әлеуметтік салаларға бағыттау, Қазақстан заңның қатаңдығы мен адамгершілігі үйлескен мемлекет екенін көрсету», — деді ол.
Басқарма прокуроры рақымшылық кімдерге қолданылатынын айтып берді. Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе жеңіл дәрежелі қылмыс жасағандар, сондай-ақ зиянды өтеген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмысқа барғандар рақымшылыққа ілігеді. Рақымшылық заңы күшіне еңгенен бастап 6 ай ішіндегі уақытта, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін, теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, жазасының қалған бөлігі 1 жылдан аспайтын уақыт қалған сотталғандар негізгі жазадан босатылады. Сонымен қатар, амнистия жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстары үшін үкім шешімі шыққан тұлғаларға қолданылады. Кейбір жағдайларда зиян толық өтелген болуы шарт. Дегенмен, сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, қылмыстың қайталануы немесе қылмыстың ауыр қайталануы барларға және басқа да ауыр санаттағы қылмыстарға рақымшылық қолданылмайды.
«Рақымшылық заңының жүзеге асырылуына келсек, ол күшіне енгеннен бері тергеу органдарымен 335 қылмыстық іс қысқартылған. Прокуратура заңсыз қысқартылған 19 істің күшін жойды. Сот арқылы рақымшылық 117 тұлғаға қолданылған. Апелляциялық сатыда 24 тұлғаға қатысты рақымшылық нормалары іске асты. Прокуратураның негізгі міндеті – заңдылықтың қатаң сақталуын қамтамасыз ету. Бірде-бір адам заңсыз босатылмауын, сонымен бірге рақымшылыққа құқығы бар азаматтың мұндай мүмкіндіктен айырылмауын қадағалайды», — деді прокурор.
Оның айтуынша, мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар рақымшылыққа іліккен азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етуде. Туған-туысы жоқ өз-өзіне қарай алмайтын қарт азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы әлеуметтік орталықтарға орналастырылады. Кәмелетке толмағандар отбасы немесе білім беру ұйымдарының қамқорлығына беріледі. Жұмысқа қабілетті азаматтарға жұмыспен қамту орталықтары арқылы қолдау көрсетіледі. Сот үкімімен тағайындалған емдеуді қажет ететіндерге емдеу жалғастырылады. Тұрғын үйі жоқ адамдарға бейімдеу орталықтарында жағдай жасалады. Астана қаласы прокуратурасының өкілі атап өткендей, рақымшылық — қайта қоғамға бейімделуге дайын азаматтарға берілген мүмкіндік. Бұл қадам ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр және әділетті, ізгі қоғам құруға бағытталған.
Онлайн баспасөз-конференциясы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің Facеbook-тегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті.