Қос кітаптың қуанышы

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қабырғасында ақын-жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маржан Ершудың шығармашылығына арналған «Уақыт пен қаламгер» атты сырласу кеші өтті. Кеш барысында «Жалғыз қол» поэмалар жинағы мен «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты ғылыми кітаптың тұсаукесері өтті.
«Жалғыз қол» кітабы 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жарық көрген. Шығарма соғыс және еңбек ардагері, Қазақ КСР ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері Тұрдығали Мәмбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған. Поэмада басты кейіпкердің майдан даласындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі тынымсыз еңбегі, қарапайым болмысы мен кісілік келбеті көркем тілмен кестеленген. Кітап авторы өз сөзінде бұл туындының тапсырыспен жазылмағанын ерекше атап өтті.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» игі бастамаға түрткі болған. «Адамды адам еткен – еңбек», «Еңбек ер атандырады» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы тиіс деп ойладым. Кейіпкерімді өз топырағымнан таптым, – деді қаламгер.
Автор поэманы жазу барысында туған жері – Ақкиізтоғай ауылы тарихын, табиғатын, ел тұрмысын терең зерттегенін жеткізді. Тұрдығали Мәмбетов басшылық еткен кезеңде ауылдың іргелі шаруашылыққа айналып, миллионер совхоз ретінде танылғаны, мал шаруашылығының қарқынды дамығаны да шығармада кеңінен көрініс тапқан. Поэма шежірелік сипатпен басталып, кейіпкердің шыққан тегі мен туған ортасын таныстырудан өрбиді. «Шымырлап шындық сөзден шығар шырай, Алтынды ала алмайсың құм аршымай…» деп келетін жыр жолдары арқылы автор тарихи танымды көркем өрнекпен ұштастырады. Одан әрі Тұрдығалидың жастайынан соғысқа аттанып, майдандағы ерлігі, елге оралғаннан кейінгі еңбек жолы мен отбасы өмірі поэтика тілімен әсерлі бейнеленген.
Ал «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты ғылыми еңбек қаламгердің шығармашылық лабораториясына терең үңіледі. Еңбек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Сарайшық» журналының бірлескен жобасы аясында жарық көрген. Кітап әдебиетсүйер қауымға ғана емес, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, мұғалімдерге көмекші құрал ретінде ұсынылады. Онда қаламгер шығармаларының поэтикасы, стиль ерекшелігі мен көркемдік жүйесі кеңінен сараланған.
Шапағат ӘБДІР



