Қор жұмысын қойыртпақ пен қателіктерден арылтсақ, мүмкіндігі мол
Ерік БАЙЖҮНІСОВ, денсаулық сақтау саласындағы сарапшы

Ашығын айту керек, елімізде МӘМС жүйесі толық іске қосылғаннан кейін барлық азаматқа қолжетімді болды. Соңғы 4 жылда медициналық қызметтердің тізімі кеңейіп, тұрғындар үшін көрсетілетін қызмет сапасына мән беріле бастады. Дегенмен жүйенің кемшілігі де көп. Халық арасында МӘМС жүйесіне қатысты сенімсіздік көбейді. Жүйенің әу бастағы мақсаты қандай еді? Алдағы тағдыры қандай болмақ? Осы жөнінде белгілі дәрігер, бүгінде ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы төрағасының кеңесшісі Байжүнісов Ерік Әбенұлымен әңгімелескен едік.
– Ерік Әбенұлы, Міндетті медициналық сақтандыру қорына қатысты мәселе әлі түзу жолға қойылмай келеді. Өзіңіз кезінде басы-қасында жүрдіңіз. Қай тұста қателестік?
– Бұл сауалға бір сөзбен жауап айту қиын. Негізіне, әу бастағы идеологиясы дұрыс. Біз сақтандыру жүйесіне бір күнде ауыспадық. Оған дейін қаншама сараптама жұмыстары жүргізілді, әлемдік тәжірибені қарадық. Дүниежүзілік банктің сарапшылары елімізге келіп, экономикалық ахуалымызбен танысты. Осындай күрделі дайындықтан кейін өттік десек болады. Яғни жүйеге ауысар алдында көп мерзімді дайындық жұмыстары жүргізілді. 2010 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша денсаулық сақтау саласының бірыңғай жүйесін енгіздік. Ол сақтандыру жүйесіне ауысудың бірінші кезеңі. Осы ретте барлық қаржы көздерін бір жерге жинап, медициналық мекемелерді қаржыландыру бойынша реформа жүрді. Бұл оңай болмады. Өкінішке қарай, дәл енгізер тұста бірнеше қателіктерге жол берілді.
– Нақты қандай қателіктер еді?
– Бірінші қателік жарнаға қатысты. Шетелден келген сарапшылар сақтандыру жүйесіне көшкенде қорға төленетін жарнаның көлемін ең жоғары мөлшерде енгізуді ұсынды. Сонда ғана халық нәтижесін көретінін айтты. Ал жыл сайын екі пайызға, бес пайызға көтергенмен, бәрібір инфляция «жеп» қоятынын және халыққа берген уәделерді орындай алмай қалатынымызды ескертті. Біз сол кезде бұл мәселені ұсыныс ретінде айттық, бірақ қанша дегенмен заң қабылданар тұста бизнес пен халыққа қиын болады деп, жартысын енгізуге шешім қабылдады. Бұл қателіктің салдарын көріп отырмыз. Медициналық көмек қолжетімді болады, диагностикалық қызметтермен қамтамасыз етеміз дегеніміз болай қалды.
Ал екінші қателік – үлкен реформаларды экономикалық дағдарыс кезінде енгізгеніміз. Егер экономика қарқын алған тұста мұндай бағдарламаны енгізсе, алға қарай жүреді. Біз алдымен 2017 жылдың шілде айында енгіземіз деп шештік. Кейін тағы жарты жылға шегердік. Одан жарнаның көлемін азайттық. Осылайша сескеніп, жасқанып жүріп енгіздік. Бағдарлама сақтандыру қорының жобалық қуатына жеткенше экономикалық жағдайымыз әлсіреп қалды.
Тағы бір қателік – қордың айналасына қатысты. Қалай десек те, айналдырға 6-7 жыл ішінде 7-8 басшы ауысты. Жыл сайын жаңа басшы келген сайын, саясат өзгереді, бағыты өзгереді. Тура оталып жүре алмай қалған көлік сияқты. Оны жүргізетін, алға сүйрейтін, итеретін күш жоқ болып тұр.
Артқа қарай шаба алмасаң, аттың кінәсі жоқ
– Қордың қызметіне қатысты қазір де сын көп айтылады. Керек пе, керек емес пе?
– Артқа қарай шаба алмасаң, аттың кінәсі жоқ. Негізінен, қордың жұмысын жүргізе алсаң мүмкіндігі көп әрі өте керек дүние. Көзге көрінсе де, көп адам елей бермейтін нәрсе бар. Алғашқы жылы сақтандыруды кіргізген кезде бізде жоспарланған қаржы жинала ма, жиналмай ма, халық төлей ала ма, төлей алмай ма деген күмән болды. Бірақ, бірінші жылдың өзінде қорға қосымша 2 миллиард теңге түскенде, жүйенің қабілетіне сендік. Сол кездегі денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 1 трлн болса, қазір қор жұмысының арқасында 3 трлн-ға жетті. Яғни, үш есеге өсті. Мұны айтпасқа болмайды.
Қазір байқасаңыздар, Алматы, Астана болсын көптеген қалада жекеменшік медициналық орталықтар көбейді. Компьютерлік томография әр үйдің астында бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын алғашықы көмек көрсететін ұйыммдарыдң 90 пайызы мемлекеттік болса, қазір 70 пайызы жекеменшік. Яғни, жекеменшік ұйымдар құрылып, салынып, барлығы осы жүйеге кіре бастады. Сонымен бірге халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмектің де көлемі ұлғайды. Жүйеге алғаш кіргенде 86-90 млрд бөлінсе, қазіргі таңда бөлінетін қаржы көлемі 300 млрд-тан асты.
– Қазіргі уақытта кез келген медициналық кемшіліктің астарын сақтандыру қорынан іздеу қаншалықты дұрыс?
– Тура осы мәселеге қатысты дүниежүзілік сарапшылар бізге ескерткен болатын. Қазір осы болжам дұрыс шықты. Дәрігер дұрыс қарамаса, емханаға барғанда көп кезек күтсе, ауруын асқыныдырып алса да қор кінәлі. «Мен не үшін ай сайын жарна төлеймін?» деп шығатындар бар. Біздің жүйеде шамамен 81 мың дәрігер жұмыс істейді. 170 мыңнан астам орта қызметкер бар. Олардың әрқайсысының мінезі бар, деңгейі бар десек, бәрінің артына адам салып қоя алмайсың. Сақтандыру қорының ең үлкен мәселесі – осы. Сақтандыру жүйесің енгізгелі біраз шаруа атқарылды. Бірақ енгіздік, болды деп айту мүлдем дұрыс емес. Бұл ұзақ уақыт жүйеленетін нәрсе. Қазақта «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Сақтандыру қорының да басты мақсаты елдегі медицина саласын жақсартуға қосымша қаржы табу. Егер біз медицина саласы дамыған Корея, Түркия, Германия сияқты ел болғымыз келсе, онда өте үлкен қаржы бөлуіміз керек. Біздің саланың ерекшелігі де сол, неғұрлым жақсартқан сайын, соғұрлым қаржыны да талап етеді. Медицина саласындағы жоғарғы технологиялар, оның ішінде орган ауыстыру қазір өзімізде жасалуда. Бұрын мұның бәріне қаржы жетпейтін. Бүкіл республикалық деңгейдегі ауруханаларда үлкен әрі күрделі оталар жасалуда. Мұндай технологиялар кеңейтілген сайын, оларды игеру мен ұстап тұру біршама қаржыны да керек етеді. Мысалы, елімізде бүйрек ауыстыру бойынша шамамен 300 ота жасалса, керісінше осы бүйрек алмастыруды күтіп отырған 4000-нан астам науқас бар. Сол сияқты жүрек алмастыру бойынша 7-8 ота жасалса, осы отаны күтіп жүргендердің саны 200- ден асады.
Соңғы кезде «Менің қаржым қайда кетті?» деген мәселе алдымыздан жиі шығады. Бұл әлеуметтік міндетті сақтандыру жүйесі біздің қазақтың асарына ұқсайды. Әр адам шамасы келгенше қаржы аударып, ауырған жағдайда қажетіне қарай медициналық көмек алады. Дәл қазіргі таңда мұны сынап жатқандардың дені – жастар. Олардың денсаулығы жақсы, көп ауырмайды. Содай кейін мәселені түсінбесе де айтып, жаза береді. Дегенмен 50-60 жас деген демде жетіп келеді. Аурудың бәрі сол кезде басталады. Сіздер мен біздің жинап жатқан қаржы қазіргі уақытта осы үлкен жастағы кісілерге жұмсалып жатыр.
Қаншама ауруханада ем алып жатқан адамдар, жан сақтау бөлімінде жатқандар және қаншама орган ауыстырып жатқан азаматтарымыз осы қор арқасында ем алуда. Құдай басқа бермесін, егер де сіздің басыңызға осындай жағдай түссе, емделуге қаржыңыз жетпейді.
Мәселемен сала мамандары ғана айналысса…
– Яғни жарнаға деп құйған ақша әлдекімдердің еміне жұмсалып жатса, бір жағынан сауапты іс деп қарастырсақ болады ғой…
– Жалпы біздегі медицина саласындағы кейбір технологияларды ұстап тұру мен игеру үшін жылына 70-100 млн шамасында қаржы жұмсалады. Кейбір науқастарға құны 1 миллиард теңге тұратын дәрі сатып алынады. Медицина саласындағы кейбір көмектерді алуға баймын деген адамдардың қалтасы көтере бермейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын 100 млн шамасында адам осы медицина саласындағы көмекке қол жеткізе алмай, қайыршылыққа ұрынады. Біздің негізгі тұтынушыларымыз 5 жасқа дейінгі сәбилер мен қарттар. Орта жастағылар көп ауырмайды. Міндетті сақтандыру қоры көптеген мемлекеттердегі сияқты халықтың белгілі бір бөлігіне көмектесіп, өз жұмысын жүргізе берсе де болады. Алайда, біз нағыз мұқтаж жандарға көмек қолын созып, көптеген өлім-жітімнің алдын алудамыз. Біздің жүйеде революция жасап, ақты ақ қылып, қараны қара қылатын болсаң арғы жағында адамның өмірі тұр. Осы үшін біз «жарайды» деп, басты изеп жүре береміз. Медицина саласымен осы саланың мамандары ғана айналысуы керек. Біздің мәселеге кейде сарапшылар араласып кетеді. Салаға қатысы жоқ болса да, басқа мамандық иелері жөн сілтеп, қалай емдеу керектігін айтып кетеді. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп айтады ғой. Жалпы, біздің салаға басқа сала мамандары көп араласпаса деген ұсыныс-тілегіміз бар. Себебі әр тірліктің артында адамның өмірі мен денсаулығы тұр. Осы үшін ең бірінші жауапты тұлға – дәрігер. Қанша жерден дәрігерді жамандасақ та, әр науқастың өмірі үшін күресетін сол дәрігер. Егер медицина саласына өзге «сарапшылардың» араласуы азайса, медицина саласының жағдайы жақсара түседі.
– Ал әлеуметтік міндетті сақтандыру қорының қаржысын жекеменшік сақтандыру қорларына берсек деген де ұсыныстар бар. Оған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Оған беретін жауап бір-ақ нәрсе. Қазір жақсы немесе жаман болсын біздің ақшамыз мемлекеттік қорда. Мемлекеттік қорға тағайындалған адам – мемлекеттің адамы. Оның лауазымы бар әрі соған сәйкес жауапкершілігі де бар. Белгілі бір деңгейде сол қорда жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысы, қызметтік бағыты мен міндеттері белгіленген. Егер біз 2-3 триллионнан жекеменшік сақтандыру қорларына бөліп беретін болсақ, сол қордың басшыларын немесе артында тұрған адамдардың фамилияларын ғана білетін боламыз. Мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры әр тиынына дейін мемлекеттік органдар алдында есебін береді. Ал, жекеменшік сақтандыру қорларына бөлінген қыруар қаржыны кім тексереді?! Естеріңізде болса, кезінде қорға жауапты басшы қашып кеткен болатын. Осы сияқты жекеменшік сақтандыру қорларының басшылары да қыруар қаржыны жымқырып қашып кетпесіне кім кепіл болады? Жалпы, бізге түскен түрлі ұсыныстарды жасау оңай әрі жеңіл көрінгенмен, мәселе қаржыға келіп тірелетін болған соң нәтиже көрсетуі үлкен мәселеге айналады. Біз көп мемлекет жасай алмай жатқан мемлекеттік қорды жасақтап, үлкен көлемде қаржы жиып, елдегі медицина саласындағы қыруар мәселелерді шешуге мүмкіндік аштық деп айта аламын. Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы ең үздік модельді енгізіп, өзге елдер қызыға қарайтындай жүйеге түсірдік. Егер аяғынан енді тұрып келе жатқан қордың қаржысын басқа жекеменшік сақтандыру қорларына аударғанда не ұтамыз? Ия, кейбір ұсыныстарды эксперимент ретінде енгізіп көруге болады. Бірақ бұл эксперименттің оң немесе теріс нәтижесін көру де үлкен қаржыға келіп тіреледі.
Болашақта осындай халықтың денсаулығы мен өмірі тұрған мәселелерді қарастырғанда медицина саласындағы сарапшылармен кеңесіп жан-жақты талқылап шешкен дұрыс деп ойлаймын.
– Тағы бір даулы мәселе, сақтандырылмаған адамдар төңірегінде болып отыр. Мүмкін, халық арасында әлі күнге дейін толық түсіндірілмегендіктен болар…
– Негізінен ешқандай мемлекетте адамдар толық 100% сақтандырылмаған. Қателеспесем, ең жоғарғы көрсеткіші 97% шамасында шығар. Бізде кейбір адамдар өзге өңірлерге қоныс аударып жатады, біреудің жұмысы жоқ, біреу күнделікті жалдамалы жұмыс істейді. Енді бір азаматтардың жұмыс орны жарнаны төлей алмайды.. тағы басқа мәселелер толып жатыр.
Бізде сақтандыру қорының жұмысы енді жұмыс жасап жатқандықтан халықты толық қамту бірте-бірте жүзеге асып келеді. Алғашқы уақытпен салыстырғанда үлкен нәтижелер бар. Енді осы мәселеге басқаша жауап беріп көрсек. Бізде шамамен 3 миллион адам сақтандырылмаған. Егер осы 3 миллион адам сақтандыру жарнасын төлемеген болса, онда олар салық та төлемеген болып тұр ғой. Бұл адамдар қалай күнін көріп жатыр, не істеп жатыр? Бұл мәселе тек сақтандыру қорының жұмысы емес. Бұл бізден басқа да арнайы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мәселесі.
Тағы бір айтылуы тиіс мәселе, БАҚ өкілдерінің ең көп сұрайтын сауалының бірі жалақы мәселесі. Енді 3 триллион қаржыны басқарып отырған адамның жалақысы қанша болу керек? Әрине бұл салаға өз саласының білікті әрі тәжірибесі жоғары адам керек. Себебі, қаржы бөлгеннен кейін, бөлінген қаржының есебін алуға тәжірибелі мамандар керек. Енді осындай жауапты жұмысқа жүйе бекіткен айлықты берсеңіз, ешкім жұмыс істемей, тастап кетеді.
Біздегі мамандарға қойылатын талаптар өте жоғары. Әркімнің атқаратын міндеті мен позициясы бар. Жоспарлау, бөлінген қаржының жүзеге асуы мен игерілуін қадағалау, оның есебін алу тағы басқа толып жатқан жауапты жұмыстар. Мынау медициналық көрсетілген қызметтің сапасын тексеру де өз алдына бөлек әңгіме. Қазір ақшасыз ешкім жұмыс істемейді. Сондықтан әр адамның өзінің атқаратын жұмысы мен жауапкершілік шеңберіне сай лайықты жалақы алуы ешқандай ұят нәрсе емес.
Басшылардың жиі ауысуы – тоқырауға әкеледі
– Соңғы кезде сақтандыру қорына қатысты тағы бір мәселе – кредиторлық берешек. Неге кейбір медицина мекемелері қаржылық дағдарысқа ұшырап, жарыққа, жылуға тағы басқа төлемдерге қарыызы көбейіп кетті?
– Мұның ең үлкен екі мәселесі бар. Біріншіден, сақтандыру қорының ішіндегі ақпараттандыру жүйесі бар. Осы қаржының жүретін, төленетін жүйесінің дұрыс жұмыс істемегендігі. 2018-2019 жылдары жүйелі түрде жұмыс жасап бастады да, соңғы жылдары жоспарлары жиі өзгеріп шатыса бастады. Мысалға, «Екі пакетті бір пакет қыламыз», «Ана дәріні мынау дәріге ауыстырамыз» деген сияқты мәселелер көбейіп, арты қаржылық қиыншылықтарға соқтырды. Медицина саласындағы өзгерістерді ақпараттық жүйеге енгізудің өзі үлкен жұмыс. Мысалы компьютер «Науқасқа қажеті мына дәріні мына дәріге ауыстырамыз» дегенді түсінбейді. Оны не үшін, не себепті енгізу керектігін, дәрінің әсерін, нәтижесі қалай болатынын, бәрін тәптіштеп отырып енгізу керек. Оны енгізу барысында рұқсат алу, қаулы шығару, қаржы бөлу, қаржының жүзеге асуы бар кем дегенде 3-4 ай уақыт алады. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, осындай жиі өзгеріс жасалып тұрған жерде, компьютерлік бағдарлама қақалып тұра береді ғой. Біздің айтып отырғанымыз бір қызмет пакеті ғана. Ал, осындай жүздеген мың адам көмек күтіп отыр. Бізде бөлінген қаржының ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілген. Алайда әлі күнге дейін әлі осы мәселенің толық жұмыс жасап кетуін қамтамасыз ете алмай келеміз
– Себебі неде?
– Бұл тікелей қор мен медициналық қымет көрсететін мекемелердің әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай келе жатқанының мәселесі. Егерде осы жүйені тездетіп қалыптастырса, мұндай қаржылық мәселелер жойылар еді. Мысалы, қазір сәуір айы. Бірақ емханалар мен ауруханалар тек қаңтар айының қаржысын ғана алды. Әлі күнге дейін қажетті қаржысын ала алмай келеді. Себебі, әлгі жүйе әлі дұрыс жұмыс істемегендігі. Сондықтан бұл таза техникалық қателіктер мен кемшіліктері. Осының нәтижесінде бүкіл ауруханалар қарызға батып отыр.
Екінші жағы, басшылардың жиі араласуы мен мамандардың жиі ауыса беруі. Медициналық мекемелерде мамандардың жиі ауыса беруі жұмыстың тоқырауына әкеліп, нәтижесі қаржылық қиыншылықтарға соқтырады. Мамандардың жиі ауыстырылуынан ол жерде қандай жұмыс, нәтиже болады.
Негізі медицина саласындағы білімі мен біліктілігі жоғары тәжірибелі басшы 4-5 жыл жұмыс істесе бұл мәселені де оңай шешуге болады. Қысқасы, біз бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмысын дұрыс жолға қоя білсек, мұндай фактілер азаятын еді, тіпті жоюға болады.
Жалпы, менің ойымша, медицина саласындағы ең құқы қорғалмаған адам дәрігер! Жоғарыда атап өткенімдей, қаржы сәуір айына дейін әлі дұрыс берілген жоқ. Бізде қаржыны адамды емдесең береді ғой. Мәселен, ем алған адамға қандай ем алғанын, құны қанша тұратынын айтып қаржы төленеді. Енді қыркүйек, қазан айында қор тарапынан берілген қаржы таусылады. Бірақ адамдар емделуге келе береді. Қор осындай жағдайда қосымша түскен табыстардан жиналған қаржыдан тағы да қаржы бөле бастайды. Қосымша жоспардан тыс ем алған мыңдаған адамдардың мәліметтерін арнайы жүйеге енгізіп, бөлінген қаржыны алып, өздерінің қарыздарын жауып жатады. Бұл салада, әсіресе қаржы жүрген жерде мәселе әрдайым бола береді. Мәселе болды ғой деп, барлық кінәні қорға аударудың да қажеті жоқ. Бұл ұзақ жылдарға арналған жоспарлы жүйе. Жыл өткен сайын қаржысы да, мүмкіндігі де кеңейіп келеді.
Сұхбаттасқан
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ