Руханият

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы  мамандары Ертіске сапарлады

Өткен ғасырларда жазылған әрбір қолжазба – халықтың рухани мұрасы. Елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағұлмат беретін асыл мұраларымыздың құндылығы қашан да жоғары бағаланған. Бұл жазба жәдігерлер ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, халықтың рухани болмысын, мәдени эволюциясын және өркениеттік даму жолдарын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда, елордамыз Астанада орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы  халқымыздың рухани қазынасы болып табылатын осы құнды жазба мұралармен толығуда. Мемлекет тарапынан Ұлттық архив қорларын шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханаларда сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен толықтыруға бағытталған «Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында  шетелдік ғылыми мекемелерде сақталған құнды қолжазбалардың көшірмелері елге жетті. Қазіргі уақытта, жазба мұраларымызды анықтау, жинау жұмыстары ел ішінде жалғасып келеді.

Ұлттық құндылықтарымыздың рухани көзі болып саналатын  қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау, келешек ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2023-2025 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын жасаған болатын. Мақсат – еліміздегі сирек қорлар мен қолжазбаларға қатысты ақпаратты бір арнаға тоғыстыру, рухани мұраларымызды жүйелеу жұмыстары жолғай қойылған.

Бүгінде, құнды жазба мұралар еліміздің әрбір өңірлерінде мешіттерде, жеке тұлғалардың қолдарында сақтаулы. Сақталған көне жәдігерлеріміздің жағдайы өте нашар, құрып кету алдында тұрғанын көресіз. Халық бұл жазбалардың аз уақытта жоғалып кету қаупі бар екенін түсінуі қажет. Осы орайда, Ұлттық орталық мамандары 2024 жылы еліміздің оңтүстік өңірлеріне атап айтсақ, киелі Түркістан, екі мың жылдық тарихы бар Тараз және Қызылорда облыстарына ғылыми экспедиция ұйымдастырған болатын. Іссапарлар мақсаты – ел ішінде сақталған жазба мұраларды анықтау, ғылыми сараптама жасау, оларды есепке алу, сақтау мен қалпына келтіру мәселелерін қарастыру, сонымен қатар жергілікті мекемелермен әріптестік байланыс орнатты.

Ғылыми мекемелерде, мешіттерде жүргізілген ізденіс жұмыстарымен қатар,  халық арасында жүргізілген насихат жұмыстарының арқасында 150-ге жуық түпнұсқа жазба жәдігерлеріміз ұлттық орталық қорына қосылды.  Олардың ішінде түркі тіліндегі сопылық әдебиеттің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауидің дәстүрін жалғастырған Сопы Аллаяр өлеңдерінің қолжазбасы мен баспа нұсқалары,   Сүлеймен Бақырғанидың еңбектері, шығыс шайырлары Физули мен Хафиздің өлеңдері, Шамсуддин Сарахсидің, Шахаб ад Дин Марджанидің құнды еңбектері бар. Ел ішіндегі жазба мұралар – ұлттық тарихымыздың көзі, рухани жадымыздың айнасы.  Осы орайда, Ұлттық орталығымыздың аталмыш мақсаттағы ғылыми-ізденіс жұмыстары ағымдағы жылы еліміздің солтүстік өңірлерінде жалғасты.

Павлодар облысы – білім мен дін тоғысқан тарихи аймақ.  Өңірдің ерте тарихына тоқтала кетсек, ресми деректерде Ертіс әскери бөлімінің форпостыларының бірі ретінде XVIII-ші ғасырдың басында пайда болған делінеді. 1861 жылы бұл мекен қала мәртебесін алған. Алайда, Павлодар өңірінің тынысы осы кезден басталды десек, қателесеміз. Бұған дейін де бұл өңір Түркі қағанатының (551-603), Батыс Түрік қағанатының (603-704) құрамына кіріп, Ұлы Даланың даңқын дүркіретіп әлемге әйгілі еткен көшпелілердің ізі қалған. Павлодар қаласының тарихи атауы туралы да ғалымдар көп ізденістер жасап, біраз құнды дүниелерді жазды. Солардың бірінде қаланың көне атауы – Кереку туралы құнды мәліметтер беріледі. «Кереку атауы қазақтардың ежелгі дәстүрі бойынша, елдімекендерге тарихи-жағрафиялық ерекшеліктеріне қарай қойылған көне атаулардың бірі болып есептеледі. Атаудың түп төркіні Қимақ дәуірінен (IX–X ғ.ғ.) бастау алуы мүмкін. Қимақ қағандығының орталығы Ертістің Кереку өңірінде болғаны және бірқатар ірі–ірі қалалар – сауда орталықтарының да осы орта Ертістің бойында орналасқаны тарихтан белгілі.

Бұл өңір – ғалымдардың, жазушылардың, ақындар мен қоғамдық қайраткерлердің отаны. Баянауыл өлкесінде атақты ақын Бұқар-жырау, тарихшы-ағартушы М.Ж.Көпеев, ақын-демократ С.Торайғыров, ақын және философ Жаяу Мұса дүниеге келген.

Ұлттық орталық мамандарының іссапар барысы Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорымен танысудан басталды.  Алдағы уақытта, Ұлттық орталығымыздың қолжазбалар мен сирек кітаптардың Қазақстан бойынша ортақ реестрін жасау жоспарына қатысты сирек қорлар тізімін алу келісілді.

Іссапар барысында Бұқар жырау музейінде Ертіс өңірінің зиялы қауым өкілдерімен, тарихшы, өлкетанушыларымен және музей қызметкерлері мен Облыстық Мәдениет басқармасының өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өтті. Семинар барысында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында бүгінгі таңда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар баяндалды. Кездесуге қатысқан жергілікті тарихшы, өлкетанушылар ұлттық орталық тарапынан жасалып жатқан игі істерге қолдау білдіре отырып, ел тарихына қатысты құнды жазба мұраларымызды жинау, сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу мәселесін бірлесе талқылады.

Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық орталық мешіт кітапханасында, Павлодар қалалық «Ақ мешіт» мешітінде және жергілікті жеке тұлғалар арасында жүргізілген ізденіс жұмыстары нәтижелі болды. Хронологиялық шеңбері XVIII-XIX ғасырларға жататын ислам құқығы, араб графикасымен жазылған діни және оқу-ағарту бағытындағы қолжазба кітаптар, көне Құран нұсқалары, сондай-ақ сирек кездесетін баспа кітаптар анықталып, ұлттық орталық қорын толықтырды. Құнды қолжазбалардың  бірі «Айн әл-Ілім» – XVIII ғасырға тиесілі Абу Хамид әл-Газалидің «Ихъя Улюм әд-Дин» атты еңбегіне жасалған түсіндірмелер нұсқасы. Бұл еңбек – Молла Әли әл-Қари әл-Харави әл-Ханафидің сирек және құнды шығармаларының бірі. Харави Хорасанның Герат қаласында дүниеге келген және ханафи мәзһабының ғалымы болған.  Ол ислам ғылымдарының әртүрлі салаларында –  сопылық, құқық, тарих, әдебиет, тіл білімі (грамматика) бойынша көптеген еңбектер жазған.

Сонымен қатар, XIX ғасырда жазылған араб тілі грамматикасы және сөздердің формаларын, түбірлерінің өзгеру ережелерін зерттейтін араб морфологиясына қатысты оқу құралдары бар.

      Іссапар барысында жеке тұлға алаш зиялыларының ұрпағы Манат Әлтайқызы Дөненбай атасының көне жазба жәдігерлерін ұлттық орталық қорына  табыстады. Атап айтар болсақ, араб тілінде жазылған хаттар мен дұғалар, шежірелер топтамасы және 6 дана кітап  біреуі қолжазба, түпнұсқалар. Алдағы уақытта, анықталып орталық қорына жеткен жазба мұралардың мазмұнына талдау жасалып, олардың тарихи, мәдени құндылығы анықталып,   жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі.

Қазіргі уақытқа дейін жүйелі түрде зерттелмеген және назардан тыс қалған көне деректерде халқымыздың тарихына қатысты мол мағлұматтар сақталған. Бұл деректер – өткеніміздің, бүгініміз бен болашағымыздың рухани мұрасы әрі тарихи шындығының маңызды қайнар көзі болып табылады. Ұлттық орталық мамандарының Павлодар облысына жасалған бұл ғылыми  іссапары Қазақстан өңірлеріндегі жазба мұралардың ауқымы мен маңызын айқындай түсті. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы алдағы уақытта басқа да өңірлерге осындай іссапарлар ұйымдастырып, ел ішіндегі құнды дереккөздерді жүйелі түрде зерттеуді жалғастыруды көздеп отыр.

Гүлсім Бисенова,

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button