Қоғамның игілігіне қызмет ету — мәртебелі парыз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты ел дамуының жаңа кезеңіне қатысты негізгі бағыттарды айқындап, қоғамдағы өзекті мәселелерге жүйелі көзқарас ұсынуымен ерекшеленеді. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы реформалардың мәнін түсіндіруге, олардың әлеуметтік салдарын ашық айтуға және қабылданатын шешімдердің ұзақ мерзімді нәтижесіне басымдық беруге ұмтылған.
Ең алдымен, Президент экономиканың өсімі, ІЖӨ көлемінің артуы сияқты көрсеткіштерді атап өте отырып, басты қауіптердің бірі ретінде инфляция мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл тұрғыда экономикалық саясаттың сапасын арттыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін факторларды бақылауда ұстау қажеттігі айқын көрінеді. Сонымен бірге, салық реформасына қатысты пікірлері қоғамда талқыланып жатқан сұрақтарға жауап беріп, бұл өзгерістердің «фискалдық науқан» емес, жүйелі қайта құру екенін көрсетеді.
Сұхбаттың маңызды бөлігінің бірі — энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тақырыбы. Мемлекет басшысы тариф саясатына қатысты ұстанымын ашық айтып, «әділетті тариф» қағидатын күшейту арқылы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету мақсатын алға тартады. Бұл мәселе қоғамда әрдайым сезімтал тақырып болып келгендіктен, аталған бағыттағы реформалардың ашық түсіндіріліп, нақты әлеуметтік қолдау тетіктерімен қатар жүруі маңызды.
Сонымен қатар, Президент көлік-логистика әлеуетін арттыруды стратегиялық міндет ретінде атап, елдің транзиттік мүмкіндігін ұлттық мүддеге қызмет еткізуге бағытталған жоспарларды айқындайды. Ал туризм саласына қатысты ойлары нақты проблемаларды жасырмай, саланың сапалы дамуына қажетті тәртіп, сервис, кадр және жауапкершілік факторларын алдыңғы қатарға шығарады.
Сұхбатта ерекше орын алған тақырып — цифрландыру және жасанды интеллект. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, заңнамалық және институционалдық өзгерістерді атап өту – бұл бағыттың мемлекеттік деңгейде нақты күн тәртібіне шыққанын аңғартады. Дегенмен, мұндай бастамалардың табысты болуы кадр даярлау, деректер сапасы, инфрақұрылым және қауіпсіздік мәселелеріне тікелей байланысты екені де анық.
Жалпы алғанда, бұл сұхбат қоғамға реформалардың бағытын түсіндіретін, басымдықтарды нақтылайтын және мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын жария түрде жеткізетін мазмұнды материал.
Сонымен бірге, Президентіміз елдегі жүзеге асып жатқан реформаларға қатысты «Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын. Менімен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар мұны жақсы біледі» деген сөзі барлық азаматтардың санасы мен жүрегіне үлкен сенім берді. Ең бастысы — айтылған жоспарлар мен ұстанымдардың нақты іске асуы, өлшенетін нәтижелермен бекітілуі және қоғаммен тұрақты диалог арқылы жүргізілуі.
Дана халқымызда «Бектері халқына, халқы бектеріне сенген ел ұзақ жасайды» деген қанатты сөз бар. Баршамыз Президентіміз жүргізіп отырған мемлекеттік саясат аясында бірлесіп, ортақ Отанымыз — Қазақстан Республикасының дамуына бір кісідей атсалысайық.
Зулфухар Ғайыпов,
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі



