Қоғам

Қоғамдық орындардағы өрт қауіпсіздігі

Адамдар көп жиналатын нысандар: мектептер, балабақшалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, ауруханалар, вокзалдар, мәдени және діни мекемелерде өрттің шығу қаупі жоғары болғандықтан, тілсіз жаудың алдын алу – тек мекеме әкімшілігінің емес, әр адамның ортақ міндеті.

Қоғамдық орындарда, соның ішінде мектептер мен балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін сақтау – ең маңызды мәселе. Әр білім беру мекемесінде эвакуация жоспары болуы шарт. Мұғалімдер мен тәрбиешілер оқушыларды эвакуациялау тәртібін жақсы меңгеріп, жылына кемінде екі рет оқу-жаттығу өткізуі тиіс. Өрт сөндіру құралдары қолжетімді және жарамды күйде болуы қажет.

Сауда орталықтары мен базарларда, дүкендерде күн сайын мыңдаған адам жүреді. Мұнда өрт сөндіру жүйелері (спринклер, дабыл, гидранттар) жұмыс істеп тұруы керек. Эвакуациялық жолдар ашық және белгілермен көрсетілген болуы тиіс. Қауіп төнген жағдайда келушілер сабырмен әрекет етіп, эвакуация бағыттарын қатаң ұстануы қажет.

Ауруханалар мен емханаларда пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өртке қарсы жоспар мен жауапты тұлғалар анықталуы тиіс. Медициналық мекемелерде де жанғыш заттар мен оттегі баллондарын сақтау тәртібі қатаң сақталуы қажет.

Қоғамдық тамақтану орындарында, атап айтсақ кафелер мен мейрамханаларда газ, электр плиталары мен басқа да өртке қауіпті жабдықтар қолданылады. Бұл нысандарда ас үй желдетуі, автоматты өрт дабылы, өрт сөндіргіштер орнатылған болуы керек. Қызметкерлерге арналған нұсқаулықтар тұрақты жаңартылып, оқыту жүргізілуі тиіс.

Теміржол, автобус және әуежай вокзалдарында өрт кезіндегі эвакуация жылдам әрі ұйымдасқан түрде жүргізілуі қажет. Барлық шығу жолдары ашық тұрып, арнайы белгілермен көрсетілуі керек. Қызметкерлер төтенше жағдайда жолаушыларға бағыт-бағдар беру үшін дайын болуы тиіс.

Мәдени және діни нысандарда, мешіттер, шіркеулер, театрлар мен музейлерде от қолдануға және темекі тартуға тыйым салынады. Бұл мекемелерде де эвакуациялық жоспары мен дабыл жүйесі болуы шарт.

Естеріңізде болсын, өрт қауіпсіздігі – тек мамандардың емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Мұндай ережелерді сақтау – адам өмірін аман алып қалудың бірден-бір жолы. Қоғамдық орындарда кез келген адам өрт сөндіру құралдарының орналасуын біліп, эвакуациялық жолдарды жаттап алса артық емес. Қауіпті жағдай туындағанда 101 нөміріне хабарласыңыз. Дабыл естігенде сабыр сақтап, белгіленген тәртіппен әрекет етіңіз. Өз өміріңіз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі сіздің сақтық әрекетіңізге тікелей байланысты екенін, қарапайым ережелер үлкен қауіптің алдын алатынын естен шығармаңыз.

Дария БАЙЗУЛОВА,

Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button