Қоғамдық көлік тізгіндеген

Көлік тізгіндеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал қоғамдық көліктің тізгінін ұстау тіптен қиын. Күніне жүздеген адам мініп, жүздегені түсіп жатады. Жүргізушілер қоғамдық көлік арқылы қаланың тыныс-тіршілігіне дем береді. Қоғамдық көліктегі қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – Қонысбек Жәнібекұлы.
Автобус жүргізушілердің қызметі тек рөлде отыру емес. Әрине, олардың әрбірі тәртіп пен сабырдың сынағынан өтеді. Автобус тізгінінде 10 жылға жуық отырған Қонысбек сыннан сүрінбей өтіп, салқынқандылықпен көлік жүргізіп келеді. Таңмен таласа тұрып, күнмен жарыса қаланы шарлайды. Қала көшелерінің жолдары секілді әртүрлі тұрғындар кезігеді. Бірі жайлы, бірінің қиылысы қалтарыста. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақтық танытып, жолаушылардың бас амандығының жауапкершілігін мойнына алады.
«Мектеп қабырғасында жүргеннен автобус тізгіндеуді армандадым. Мұғалімдердің «кім боласың» деген сауалына жалықпастан «автобус жүргізушісі боламын» деп қайталап айта беретінмін. Бұл салаға қызығушылығым бір сәтке де бәсеңдеген емес. 20 жасқа жеткенде темір тұлпардың тізгінін ұстадым. Содан бері автобустан алыстап көрген жоқпын. Бір денеге бітісіп, он үшінші мүшеме айналып кеткендей. Осы уақытқа дейін 33, 58, 62, 16, 60, 63, 73 нөмірлі автобустардың тізгінін ұстап, халыққа қызмет еттім» дейді Қонысбек.
Бала күнгі арманын өмір шындығына айналдыра білген Қонысбектің қызметіне деген сүйіспеншілігі ерекше. Жұмыс күнін жүктеме көрмей, жүйткіген жүйрік көлігімен жолаушыларды тасымалдайды. Таңғы 5-те тұрып, тұраққа келеді. Одан соң автобусына жайғасып, қаланы түнгі қараңғылық жапқанша қызметін қалтқысыз жасайды. Қоғамдық көлік болғандықтан, қызығы мен шыжығы қатар жүреді.
Қонысбек Жәнібекұлы «Уақыт бәрінде тығыз. Жолаушылар көбіне ашуға бой алдырғыш. Қазір ауа райы құбылып тұр. Бірде жылы, бірде суық. Жаздан соң автобустардан салқындатқышты өшіруді талап етеді. Бұйрыққа бағынып, сақындатқышты сөндіреміз. Оның орнына жылыту пештерін іске қосамыз. Сол мезетте наразылық естіп жатамыз. Кейде автобус лық толады. Қолайсыздықтар дәл осы кезеңдерде туындайды. Аялдамаға тоқтаған сайын түрлі тұрғындар автобусқа мінеді. Кейбірі тұйық, кейбірі ашық жарқын. Біздің жұмыс осымен қызық. Азаматтарға қарап қоғамның айнасын бағамдап отырамыз» дейді.
Жол – көлік ережелеріне қанығып, тәртіпке бағынып жүрген жүргізушілердің қоғам алдындағы рөлі үлкен. Қонысбек сынды азаматтар қала тіршілігіне дем беріп, сағат тілінің механизмі секілді тәулік бойына тоқсаусыз қимылдап, жолаушыларды үй-жайына, жұмыс орнына тасымалдайды.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ