Елорда тынысы

Қоғамдық кеңесте өзекті мәселелер қаралды

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында 4 мәселе қаралды. Осы кеңестің мүшесі Кәрімбек ­Құрманәлиевтің төрағалығымен өткен жиынға кеңестің 31 мүшесінің 21-і, БАҚ өкілдері қатысып, 4 баяндамашыны тыңдаған соң, сұрақтарын қойды.

Алдымен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта қалада 258000 кәсіпкер бар, олардың саны былтырғыдан 10 пайыз артқан.

– Шағын және орта бизнес – Астана қаласы экономикасының негізі. Қала экономикасына қосатын үлесі 68 пайыздан асады. Жыл басынан бері 10 мың жаңа кәсіпорын ашылды. ШОБ 528 мыңнан астам еңбекке қабілетті елордалықты жұмыспен қамтып отыр. 2,3 трлн теңгенің өнімін өндіреді, – деді басқарма басшысы.

Отырыста екінші қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың «Біртұтас тәрбие» және «Адал азамат» бағдарламаларын іске асыру жөніндегі есебі тыңдалды. Азаматтық қоғамның әлеуметтік саясат саласындағы мүддесін білдіру жөніндегі комиссия елорданың білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының мазмұнындағы оң өзгерістерді, сондай-ақ оның оқушыларға, мұғалім­дерге және ата-аналарға ауқымды әсер еткенін атап өтті.

Үшінші тақырып «Астана қаласының су объектілерінде су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы» Астана қаласы әкім­дігінің 2023 жылғы 20 қазандағы №205-2263 қаулысына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов баяндады.

Соңғы мәселе – «Спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының құрамына кіретін Астана қаласының спортшыларына, олардың жаттықтырушыларына, сондай-ақ Астана қаласында спорттың ойналатын түрлері бойынша ҚР құрама командаларының құрамдарында қатысатын спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына және клуб командалары жетекшілерінің ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы» Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 18 наурыздағы №112-754 қаулысының күші жойылды деп тану туралы Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов айтып берді. Барлық мәселе бойынша ұсынымдар мен ескертулер айтылды және кеңес мүшелері сұрақ қойып, шешімдерді бірауыздан қабылдады.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button