
Жалпыұлттық коалиция өкілдері Арман Амантаев, Жомарт Қиялов және Мекен Қарманов елордадағы «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Ата Заң жобасының мазмұны, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нормалар, сондай-ақ алдағы республикалық референдумның маңызы жөнінде ақпарат берілді. Спикерлер Конституциялық өзгерістер қоғам өмірінің түрлі саласына ықпал ететінін айтып, негізгі Заңның жаңаруы мемлекет пен азамат арасындағы қатынастарды жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Жиында сөз алған «AMANAT» партиясының мүшесі Жомарт Қиялов азаматтық қоғамның мұндай талқылауларға қатысуының маңызын атап өтті.
«Конституциялық өзгерістер тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің ғана мәселесі емес. Бұл – бүкіл қоғамға қатысты құжат. Сондықтан әрбір азамат оның мазмұнымен танысып, өз пікірін білдіруі маңызды», – деді Жомарт Қиялов.
Ал заңгер, «Қазақ Билер Алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Амантаев Конституцияның қоғамдағы рөліне тоқталды.
«Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы. Ондағы әрбір норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға бағытталады. Сондықтан жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру – маңызды міндеттердің бірі», – деді Арман Амантаев.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының мүшесі Мекен Қарманов Конституциялық реформаның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық үшін де маңызы бар екенін айтты.
«Негізгі заңдағы өзгерістер мемлекеттегі құқықтық ортаны жетілдіруге ықпал етеді. Ал тұрақты құқықтық жүйе – елдің экономикалық дамуы мен кәсіпкерліктің өркендеуінің маңызды негізі», – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар үшін мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды.
Айта кетейік, «Астана тазалық» кәсіпорынында 1500-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын заманауи техникалық базамен қамтамасыз етілген. Қазір кәсіпорынның қарамағында 400-ге жуық жоғары өнімді вакуумдық сыпырушы машиналар, тракторлар және жаңа буын көпфункционалды коммуналдық техника бар. Коммуналдық қызмет мамандары елорданың негізгі көшелерінің тазалығымен айналысады. Астанадан қыс мезгілі басталғалы бері 7 млн текше метрден аса қар шығарды.



