Қоғам дамуындағы қаламгерлер үні

Елордадағы Достық үйінде «Қаламгер және қоғам» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысқан жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан туындайтын әдебиет пен қоғамның байланысы, руханият пен заманауи үрдістерді үйлестіру жолдары талқыланды.
«Қоғам дамуының әр кезеңінде ойы озық, қаламы ұшқыр тұлғалардың үні маңызды. Қаламгерлердің сөзі мен ойы бүгіннің ғана емес, болашақтың да құндылықтарын қалыптастырады» деген Есет Байкен Астанада руханиятты қолдау бағытында бірқатар маңызды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізіп, соларға тоқталды.
Бірнеше жыл бұрын қала әкімдігінің қолдауымен елорда қаламгерлеріне «Жазушылар үйі» берілді. Осыны атап өткен қала басшысының орынбасары бұл ғимарат шығармашылық қауымға еркін сұхбат құру, идея алмасу, еңбектерін талқылау үшін беріліп, әкімдік тарапынан толық қамтамасыз етілгенін, сондай-ақ ғылыми-танымдық экспедициялар мен әдеби-мәдени жобаларды ұйымдастыруға да әкімдік қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Мәселен, жақында астаналық қаламгерлер ұлы Абайдың 180 жылдығына орай оның туған, мәңгілікке тыныс тапқан мекенге – Жидебай жеріне барып келді. Қаламгерлердің мерейтойлары, поэзия кештері, әдеби және мәдени жобалар да жыл сайын өтуде.
Соңғы екі жылда қаламгерлерге Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің стипендиясы беріліп жатыр. Есет Байкеннің айтуынша, бұл үрдіс биыл да жалғасады. Жақында басталған «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Тұрсын Жұртбай, Асқар Алтай сынды көрнекті қаламгерлердің дәрісі өтті. Мұндай дәрістер әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар шығармашылық интеллигенцияға арналған интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылды.
Қала басшысының орынбасары Мемлекет басшысының Жолдауы аясында елордада жүргізіліп жатқан жұмыстармен де таныстырды. Атап айтқанда, «Ақылды қала» жобасы аясындағы жұмыстарға тоқталды. Жолдауда ерекше назар аударылған бағыт – елорданың цифрлық трансформациясы. «Ақылды қала» жобасы аясында халықаралық G42 холдингімен бірлесіп, жасанды интеллект жүйелері енгізілуде. Абу-Даби, Дубай, Лондон мен Сингапур тәжірибесіне сүйене отырып, жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік беретін бейнекамера жүйесі іске қосылады.
Бүгінде Астана қарқынды дамып келеді. Тұрғындар саны 1,6 миллионнан асты, ал 2035 жылға қарай 2,3 миллионға жетуі мүмкін деген болжам бар. Бұл жаңа мектептер салуды, жол желісін кеңейтуді, қоғамдық көлікті көбейтуді және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуды талап етеді. Осы орайда Есет Байкен әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы істерге, инженерлік инфрақұрылымды күшейту жұмыстарына тоқталды. Көші-қон үдерісі ескеріліп, Астана қаласының 2035 жылдарға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін жеткізді.
Қатысушылар Жолдауда айтылған жасанды интеллектіні енгізу, елордадағы цифрлық өзгерістер, сондай-ақ әдебиетті дамыту, рухани құндылықтарды сақтау және қоғамдағы зиялы қауымның рөлі мәселелерін талқылады. Жолдаудағы идеяларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екенін, мәдениет, қоғам және заманауи технологиялар арасындағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ