Мәдениет

Қобыз кеші

Елордада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Мақсат Медеубектің «Qobyz soul – dastur» концерті өтті.

Кеш қобызды кеңінен дәріптеу, оның орындаушылық мүмкіндіктерін таныту және дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Оның барысында көрермен қобыздың бай тарихымен, оның шығу тегі мен көркемдік ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған музыкалық кеш көне үн мен заманауи сахналық өнердің үйлесімін айшықтап, рухани әсерге бөледі. Көрермендер ғасырлар тереңінен жеткен сырлы сарынға, қобыз үніне құлақ түрді.

«Қобыздың түпкі қызметі бақсылық дәстүрмен тығыз байланысты болып, сол заманнан жеткен әуендік сарындар сақталған. Осы сарындардың негізінде дәстүрлі күйлер орындалып, сонымен қатар әнге сүйемелденіп, жыр-термелер айтылған. Бүгінде қобыз заманауи талаптарға сай академиялық бағытта дамуда. Яғни, Антонио Вивальди, Вольфганг Амадей Моцарт, Йозеф Гайдн, Иоган Себастьян Бах сынды әлемдік композиторлардың шығармаларын орындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге эстрадалық бағытта да қобыздың әлеуеті зор, аспап арқылы жеңіл каверлік туындыларды орындап, кең аудиторияға насихаттауға болады.

«Qobyz soul – dastur» концерті түркі дүниетанымына негізделіп, сол халықтардың музыкалық мұрасын көрерменге ұсынумен ерекшеленді. Концерт барысында түркі елдеріне тән қобыз орындау техникасы мен әдіс-тәсілдері көрсетілді» деді кеш иесі.

Бұл кеш қобыздың қылынан төгілген әрбір саз өткен мен бүгінді сабақтастырып тұрған рухани алтын көпір екеніне көз жеткізіп, ұлттық өнерге деген тағзымның, ата-баба мұрасына деген құрмет пен ізеттің көрінісі іспетті болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button