«Қисық дүние» келбеті

Астанада журналист, жазушы, бірнеше шығармашылық байқаудың жүлдегері Жадыра Шамұратованың «Қисық дүние» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараны Qazcontent АҚ қолдауымен қаламгердің әріптес құрбылары ұйымдастырды.
Бұл – жазушының төртінші прозалық жинағы. Бұған дейін «Секундтар арасындағы шексіздік», «Айтылмаған сыр» және «Сандық» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Ал жаңа жинағына «Қарашада гүлдеген қырмызы» мен «Мылқаудың сыбыры» аталатын қос повесть пен бірнеше әңгімесі енгізілді.
Таныстырылымды ашып берген Qazcontent АҚ төрағасы Айна Задабектің пікірінше, «Қисық дүниедегі» туындыларға арамызда жүрген адамдардың тағдыры арқау болды. Кітап сонысымен қызық, сонысымен тартымды. Яғни, кейіпкерлер шығармашылық қиялдан емес, өмірдің өзінен алынған. Автор да әр кейіпкердің жан дүниесіне терең бойлай біліп, ішкі монологын шебер көрсеткен. Спикер Жадыра Шамұратованың журналистік шеберлігін де жоғары бағалайтынын айта келе, мысал ретінде оның поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ұлы Алмаспен сұхбатын келтірді.
Әдебиеттанушы Асылбек Байтан қаламгерлер ешкім байқай бермейтін қарапайым нәрседен ой түйетіндей шығарма шығаратынын, Жадырада сол қабілет, қасиет барын атап өтті. Белгілі ақын, «Әдебиет» порталы бас редакторының орынбасары Ықылас Ожайұлы бұл кітапта автордың өз үні жатқанын атай келе, әсем әндерден шашу шашты. Әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Қалиакбар Үсемханұлы Жадыра өз шығармаларын жазғанда Әбіш Кекілбайұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов сынды классиктердің дәстүрін ұстанып, қазіргі замандағы әдеби үлгімен шебер байланыстыра білетініне, тақырыпты қоя білу ерекшелігіне тоқталды.
«Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Гүлзина Бектас прозадағы қазақ жазушы қыздарының жетістіктеріне, жаңа шығармаларына қуанатынын айтып, тілектестігін білдірсе, «Шолпы» кітап клубының жетекшісі, кітап жанашыры Сымбат Зекенғалиева алдағы желтоқсан айында клубтың «Ай кітабы» осы «Қисық дүние» болатынын жеткізді.
Бұл жинақ «Махаббатқа сеніп, бақытқа талпынған қазақ әйелдеріне арналады» деген сөйлемнен басталады. Осыны атап өткен әдебиеттанушы, этнопедагог Құндыз Оралжанқызы осы сөзді классик жазушы Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» әңгімесіндегі «Бұл өмірде әйелдер ғана шын сүйе алады» деген сөзімен сабақтастырды. Белгілі журналист Махат Садық аталған кітап қыз-келіншектердің сүйікті кітабына айналатынына сенім білдірді. Жас ақын Абзал Мақаш інілік ақ тілегін жеткізіп, жазушының құрметіне ән әуелетті. Таныстырылымды түйіндеген автор Жадыра Шамұратованың өзі іс-шараны еркін форматта өткізу жоспарланғанын, сол мақсатқа жеткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.



