Мәселе

ҚХА мүшелері жолдауды талқылады

«Достық» үйінде өткен дөңгелек үстелде елорданың Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы маңызды міндеттерді талқылады. Жиынға Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова, ҚХА Астана қаласы бойынша төрағасының қоғамдық орынбасары Халел Маслов, қалалық ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының өкілдері және «Ассамблея жастары» бірлестігі мүшелері  қатысты.

– Мемлекет басшысы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономиканы жаңғыр­тудың маңыздылығын атап өте келе, еліміздегі негізгі және қазіргі уақыттағы бағыт ретінде Қазақстанды цифр­лық мемлекетке айналдырудың жолын ұсынған болатын. Сол тұрғыда жасанды интеллект минис­трлігін құру және цифр­лық кодексті қабылдау міндетін қойды. Сонымен қатар Жолдауда еліміздің инфрақұрылымына инвес­тиция салу, жаңа өндіріс­терді дамыту, заңдылық пен әділеттілік қағидаттарына айрықша көңіл бөлді. Ассамблея аймақтардағы этно-мәдени бірлестіктер арқылы халықты цифрлық сауаттылыққа үйрету жобаларын ұйымдастыра алады. Бұл қадам аймақтық жерлердегі ғаламтор мен цифр­лық қызметтерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Халил Маслов. Ол сонымен қатар ЖИ-ді енгізу барысында туындайтын әлеуметтік және мәдени мәселелерді шешуге Ассамблея өз тарапынан дәнекер бола алатынын жеткізді. Мемлекет басшысы атап өткендей, ЖИ тек технология ғана емес, ол басқарудың, экономиканың және қоғамның жаңа деңгейі екенін жеткізе келе, осы бағытта өзінің бірқатар ұсыныстарын да айтты.

Дөңгелек үстелде сөз алған қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірберген Жолдаудағы отбасын нығайту және кәсіпкерлікті дамыту жайына тоқталды. Өзге де түрлі этнос өкілдері Жолдауда қамтылған мәселелердің бәрінің өзектілігін және оларды әр этникалық бірлестікте талқылап түсіндіру маңыздылығын атап өтті.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button