Қазынасы мол Қасқабасов

Көрнекті фольклортанушы, Халықаралық фольклортанушылар қоғамының мүшесі, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик, қоғам қайраткері Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың туғанына – 85 жыл толды. Осы мерейтой аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер мен жаңа парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өткен ғылыми жиынға қоғам қайраткерлері, беделді ғалымдар, әдебиеттанушылар, фольклортанушылар, жас зерттеушілер, ұстаздар, студент жастар қатысты. Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринның, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, сондай-ақ облыс әкімдерінің, өңірлік университеттердің құттықтау хаттары оқылғаннан кейін, баяндамашыларға кезек берілді.
Жиналыста ғалымның көпқырлы еңбегі – қазақ ертегілерін жүйелеудегі, жанрларды саралаудағы, мифологиялық танымды зерттеудегі, ұлттық фольклортану мектебін қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов «Сейіт Қасқабасов фольклортану феномені» тақырбында баяндама оқып, жылы естеліктер айтса, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов «Халық мұрасын қастер тұтқан ғұлама» тақырбында сөз қозғады.

ҚР Президентінің кеңесшісі, белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы «Академик Сейіт Қасқабасов және ежелгі шығыс сюжеттерінің трансформациясы» тақырыбында, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі, Дихан Қамзабекұлы «Алаш қайраткерлері ел әдебиеті туралы», Ұлттық құрылтай мүшесі, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманалиев «Академик Сейіт Қасқабасов: рухани-тілдік құндылық мәселелері» тақырыбында ой өрбітсе, Түркияның Эге университеті түрк дүниесін зерттеу институтының профессоры, PhD доктор Метин Екіжи «SEIT A.Kaskabasov ve türk dünyasi folklor çalişmalarina katkilari» атты докладында ғалымның түркі дүниесі фольклорына қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Конференция аясында С.А.Қасқабасов еңбектерінің тізімі топтастырылған кітап пен «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми мектебі» кітабы жарық көрді. Сондай-ақ универстеттің әдебиет кәфедрасындағы көрнекті әдебиет танушылар галереясына ғалымның портреті ілінді.

Атақты ғалым қыруар еңбектері мен ғылымға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болған. М.Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



