Қазынасы көп қос кітап

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының Фариза ақын залында ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маржан Ершудің қос кітабының таныстырылымы болып өтті. Әдебиетке, рухани құндылыққа қызығушылық қоғамның басты артықшылығына айналуына кітапханалар аса мүдделі. Қалам иелері қазыналы ғимарат кітап қорына молыққан сайын оны Жерұйығындай ардақтап қабылдайтыны рас.
Маржан Ершу туралы «Жайықтың жыр Маржаны» атты портреттік деректі фильмді Гүлжайна Сүлейменова түсірген. Экраннан Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Ербол Бейілхан, Бауыржан Қарағызұлы, Болатбек Төлепберген сөйледі. Маржанның уыздай жас кезі де таспаға түсіп қалыпты. Мұнан соң кездесу еркін қалыпта, сұхбат, сұрақ-жауап күйінде өтті. Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы Маржанның қазіргі әдеби процесте белсенділігін, ел назарында жүретінін, еңбегі ерекше екенін баса айтты.
«Шығармашылық лаборатория» және «Әйелдер галереясы» атты қос кітап тұсаукесерден соң тасада қала беретін кітаптардан емес. Автор оқырманын тақырыптарымен де, айта білу шеберлігімен де жалықтырмайды.
Маржанның кейіпкерлері – Бопай ханым, Дина Нұрпейісова, Хиуаз Доспанова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Қыпшақ Қоныр Иштван Мандокидың сүйген жары Оңайша Мақсымқызы сынды кілең деректі, қазақтың ару қыз – алтын аналары. Қаһарман таңдауда мистикалық мезеттер де жиі кездескені сұхбат үстінде білінді, мұны біздің халық аруақ, рухқа қызмет ету дейді, өткені арқылы келешекке ұмтылудың қасиетін таныған соң аруақты қастерлейді.
Маржан әйелдердің қазіргі қоғамда қорғансыз қауым болғанын қаламайды, қазақтың қызы ғылымның да шыңына шықты деп таниды. Өзі айтқандай, әйелдердің құқығын қорғауды мақсат тұтқанына қос кітап куә. Биші Шараның ескерткішін орнатса деп жазуы әйел затына тән сұлулықтың адам жанын ізгілендіре түсеріне сүйініш болса керек.
Сөз арасында Төлеген Айбергенов «Сағыныш» циклін жазғанда 17 күн ұйықтамағанын Бауыржан Бабажанұлы айтып өтті. Тылсым күш пен шығармашылық буырқана тоғысқанда жазу туады, әдебиет мистикасыз болмайды. Жаратушы Иенің құдіретімен аруақ түске кіру арқылы ұрпақ жадында өшпеуді қалайды, өмірден өткен марқұмдардың қалам ұстаған жанға аян қылуы, бата беруі шындық екенін былайғы жұрт көп біле бермейді.
Маржан Ершу Түркия, Венгрия елінде айлап жүріп, әдеби-мәдени өмірге тіке араласты, түркі әлемінің ақындарымен жүзтаныс, дос болып оралды. Бұл қалам ұстаған қауым үшін асыл мұрат, жаңа көкжиектерге ынтызарлық тудырмақ. Маржан Ершу: «Талантты адам өз талантынан тысқары өмір сүре алмайды. Оның ауасы да, дауасы да – өнер» деп біліп жазады.
Балалық шақта ел жақта Маржан әкесі Аманқос ақынға ере барғанда Шоқпартоғай ауылында тұратын әкесінің ұстазы, әдебиетші, шежіреші Жанаш Нұрмаханов ағайдың үйі кітапқа толы екенін көріп, «Біздің ауылдың кітапханасы сияқты екен деп ойлағам сонда» деп жазады осы кітапта. Расында, қоғамға сыймай, өз орнын таппай дағдарысқа түсетіндер, адасып аһ ұратындар үйінде бір кітабы жоқ отбасылардан көбірек шығары ащы болса да шындық. ҚР Ұлттық академиялық кітапхана – болашағын білімге телитін жастардың сүйікті мекені.
Мажарстанда түбі қыпшақтар қазақ тілін үйренуге құштар екені осы кітапта жазылған. Шандор Петефи – венгр халқы үшін біздің Абай сияқты ұлы ақыны, әлем әдебиетіне енген күрескер, жасампаз тұлға. Оның бір өлеңін Әбу Сәрсенбаев аударғанын автор кітапта әдемі келтірген.
Маржан Ершу ноғай халқының ірі ақын қызы Кадрия Темирболатованың жырларын аударды. Кадрия ақынның асыл мұрасын бауырлас түркі тілдеріне аударған ТҮРКСОЙ ұйымдастырған іс-шараларға қатысты. Кадрия туралы мақалада оның өміріне арналған жан тебірентерлік деректер бар. Кадрия поэзиясы – Алтын Орда дәуіріндегі елдік рухты еске түсіретіндей қуатты һәм шынайы жырлар. Кадрия, бұйыртса, менің де әдебиеттану саласында зерттеу нысаным болмағы – сол елдік рухқа, сөз магиясына әрі айқын тұлғаға тағзым.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы