Қазыбек бидің есімінде қандай сыр бар?

Бүкіл қазақ құрметпен еске алатын Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың есіміне байланысты аңыз көп, архив дерегі де баршылық. Әдетте, ұлы адамдарға байланысты деректі әркім өзіне қажетті, ыңғайлы түрде көшіріп қолданады да, кейде сол үзінділер түсініксіз болып қалады, түсінікті болған күннің өзінде қандай жағдайда жазылғаны, сөз болып отырған оқиғадан алатын орны дүдамал болады. Екінші бір есте болатын нәрсе – сақталған, пайдалануға ыңғайлы құжаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы орысша. Орысша болғанда да сол ХVІІІ ғасырдың орысшасы, демек, сол заманның жазуын, стилистикасын, синтаксисін білуің керек.
Олай болса, сол деректерді пайдаланған авторлардың аудармасы ғылым талаптарын қанағаттандырмауы, материалдың деректік құны ортайып қалуы мүмкін. Бұлар тарихпен, көне құжаттармен айналысқандарға мәлім. Сондықтан кейбір әріптестерім маған «жиендік» жасаудан тайынбайды. Менің қазақшалаған мәтінімді пайдаланып, орысша түпнұсқаның сілтемесін көрсете береді. Оларды байқасам да, наразылық білдірмеймін, тарихқа адал дерек қосылса болды. Мен өзімнің төл аудармамды дұрыс және түсінікті санаймын, себебі көне орыс жазбасы мен тілін меңгеріп, жаттыққанмын. Тарихи құжаттар менің «Қазақтың ханы – Абылай» деген екі томдық еңбегіме, «Абылай хан тарихы» деген үш томдығыма да енген. Деректемелік сараптамадан өткен, түсініктері бар. Құжаттардағы мағлұматтың ақиқаттығына күмән келтіруге негіз жоқ деп санаймын. Олардың алғаш қағазға түскендегі жағдайына кепілдік бере алмасам да, түпнұсқадан орысшаға аударылуының адалдығына сендіремін. Ал архивте сақталған нұсқасынан мына қазақшасының стильдік жағынан болмаса, мазмұны жағынан айырмасы, ауытқуы жоқ екеніне өзім зерттеуші ретінде, автор ретінде кепілмін. Әрбір құжаттың астарында қаншама оқиға жатқанын, оларды ашып-тексеріп, түсіндіру керектігінде дау жоқ. Ол үшін тікелей де, жанама да зерттеулер жүргізу қажет. Мысалы, 1737 жылғы 24 маусым күні Қаз дауысты Қазыбек бабамыз өткізген үш жүздің өкілдері қатысқан хан кеңесіне байланысты құжаттардың бұрын-соңды ешбір тарихи әдебиетте қозғалмаған, зерттеушілерге әзір беймәлім, мәселеге қатысы бар. Ал сол кеңестің қорытындысы, шешім ретінде Ресей үкіметіне тапсырылған. Бірақ одан кейінгі оқиғалар көмескі. Демек, тағы да тереңірек үңіліп, кеңірек қарауға сұранып тұр. Әрине, ғылыми танымда шек жоқ. Оған тек уақыт керек, өмір керек. Әсіресе қаржы керек. Қазыбек Келдібекұлының қазақ тарихында алатын орны туралы ел аузында сақталып қалған, адамгершіліктің, ізгіліктің, ар-намыстың, көрегендіктің үлгісіндей сөздер қаншама аңыз-әңгімеге арқау болғаны, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тәрбиенің баға жетпес қазынасындай санамызға сіңгенін дәл қазірдің өзінде әрбір қазақ біледі. Жеке басының өнегесімен, «Қазыбек айтыпты» деген сөзімен үнемі жаңара, жаңғыра қайталанып келе жатқан ұлағат иесі туралы үш жүздің қазағына тараған аңыз-әпсаналарда, әрине, толып жатқан қоспалар, артық-кемді ауытқулар болатыны заңды.
Өз шаңырағын өзі көтеріп, таңдаған жеріне атын тұсаған еркін кезде басына қиындық түссе, пәрмен сұрап, бабамыздың әруағын шақырған қазағым, тіпті кешегі материалистер билігі дүрілдеп тұрған шақтың өзінде, сол бетінен танбағанын көзіміз көрді. Атеист болып, құранға қол жаймаған тікбақайлардың өзі Қазыбек бабамыздың есімін ауызға алғанда, бойына қуат бітіп, демеу алғандай болатын. «Атақты әділ би еді, ел қорғаған батыр еді, сөз бастаған шешен еді» деп арнайы насихатталмаған күннің өзінде халқының есінен кетпей, атадан балаға ұласып, есімі ұлтымыздың санасында сақталған құдыреттің сырын қарапайым түсінікпен ашу оңай болмаса керек. Қалың қазағыңды былай қойғанда, үш ғасыр бұрын ата жауымыз саналған қалмақтарды табындырған, екі тараптағы қос империя – орыс пен қытайдың билік иелерін мойындатқан бабамыздың «артық жаратылған» адамзат екенінің айғағы осындай. Реті келгенде, бабамыздың кәдімгі Қазыбек есіміне «Қаз дауысты» деген анықтауыш екі сөздің қосылуына байланысты көптен сақтап жүрген ойымызды ортаға салатын кез келгендей. Шынында, бұл анықтауыш және есімге қосылған айрықша сипат кездейсоқ па? Әлде, айтылып, жатталып келе жатқан «дауысы қаздың дауысындай, сирек естілетін, ерекше назар аудартатын» болғаны үшін солай аталып кетті ме? Бұлай аталуының бастауында қалмақтың ханы қоса айтылатыны тегін бе?
Екінші бір түйткіл – тек дауысы әдеттегіден оғаш естілгендіктен ғана ма? Адамның ерекше қасиеттерінің бірі ғой, дей қойғанның өзінде әнші емес, жыршы емес, тіпті жаршы да емес жігітті көтермелейтін сипат емес қой. Қаздың дауысы, әдетте, жарықшақ, құлаққа онша жағымды бола қоймайтын дауыс емес пе еді? Осындай ойлар төңірегінде іздеуге, ізденуге тура келді. Қалмақ-орыс, қазақ-моңғол сөздіктерін ақтарып отырып, жобаға келетіндей анықтауышқа кездескен сияқтымын. Б.Базылхан құрастырып, 1984 жылы шыққан «Моңғолша-қазақша сөздіктің» 163-бетінде: ДАВУУ 1. (сапалық) артық, сапалы, бағалы, құнды, үздік шығу, озат шығу; 2. (сан, мөлшер) артылу, арту, көбею, молаю, көлемдену деген аудармасы жазылған. Одан әрі: ДАВУУДА-Х 1. (сапа) арту, артылу, сапалану, үздік шығу… Бір сөзбен айтқанда, ДАВУУ түбірлес сөздер таратылған. Қазақ деген атымыз моңғолша ХАСАГ болып жазылатынын да көрдік.
Демек, аңыздан да шындық іздеуге болатынын байқаймыз. Еске түсірейікші, Қазыбек 14 жасында қалмақ ханының алдына суырылып шығып, аталы сөз айтыпты, дейді аңыз. Сонда хан: «Мынау бір артық жаратылған немесе өз жасынан артық көрінген, ерекше бала екен» депті. «Давууст» деген қазақ сөзінің дауыспен үндестігі салдарынан ғана қалыс естіліп, басқаша ұғынған деуге әбден болады. Біздің қазақта құлақпен естіп, құлақпен ғана қабылдайтын жағдайымыздың бар екеніне өзім бірнеше мәрте көз жеткіздім. ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының тарихы бойынша зерттеулер барысында көне қалмақ тіліне машықтануға тура келгенде, талай қызыққа кездестім. Мысалы, Абылай хан жас кезінде жыртық киініп жүргені үшін «Сабалақ» атаныпты, шын аты «Әбілмәнсұр» екен дегеніміз, шынында «Сабалах» немесе жауынгер, орысша «боец» болып шықты. Сөздің түбірі сабау – кәдімгі қойдың жүнін сапалы етуге қолданылатын, яғни сабайтын қарапайым құрал.
Тағы бір мысал: «Буырылбайтал» деген жердің атының қойылуы буырыл түсті ұрғашы жылқы деп жүрсек, «бұрылатын» немесе орысша «поворот» деген сөз екен. Көктемдегі «ұзын сары емес» қалмақтың «зуун саар» жаз айы деген сөздің аудармасы. «Табан қазы» дегеніміз аяқтың табаны емес, «қалыңдығы бес елі» дегенді білдіреді. «Қостанай» дегеніміз екі тана немесе бұзау емес, «судың жағасындағы ағаш» деген мағына береді. Айта берсе, бұл өзі бір жатқан түпсіз терең тақырып. Сондықтан бабамыздың Қаз дауысты Қазыбек атануы – «тумысынан артық жаратылған данышпан, әулие» дегенді білдіретініне байланысты екен.
Ұлы адамдардың өмірі, іс-әрекеттері туралы түрлі аңыз-әңгімелер көп болады. Ол ештеңе емес-ау, сол аңыздардың шындыққа жарасымды болғаны қандай жақсы. Жарайды, қазақтың ауызша тарихында артық-кемді сөздер, тіркестер айтылып жатар. Негізгі кейіпкердің қасиетті тұлғасына табынған жұрт сол аңыздарды даусыз ақиқат ретінде қабылдап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра береді. Дәл осы арада ескертуге де тұратын, жөн-жосықсыз өрбіте беруге, өсіре беруге болмайтын да бір мәселе бар сияқты. Өткен замандағы құбылыстар мен оқиғалар жөнінде нақты дерек болмағандықтан, тіпті солай болуы мүмкін деген сеніммен қайталана беретін «деген екендерді» де шектейтін уақыт келген сияқты. ХХІ ғасырдың алғашқы отыз төрт жылын да артқа тастадық. Қазақ тарихын түгендеп жатырмыз. Жастарды ата-бабаларымыздың адамгершілік, адал гуманистік, ерлік дәстүрлеріне сай тәрбие жүйесіне, балаларымызды, немере-шөберелерімізді дұрыстыққа тәрбиелеуге пейілміз. Сөйте отырып, жаппай сауатсыздық жайлаған замандарда айтылып қалған көпірме сөздерді талғамай-таңдамай, тіпті жаңаша үстемелей бергеніміз дұрыс болмас. Айтпағым, ұлы адамдардың есіміне байланысты мағлұматтың аяусыз өтірікке суарылып, өршіп бара жатқаны. Қазақ тарих ғылымының қазіргі деңгейінде, таным-білім өскен кезде жастарымызды ертекпен ауыздандырғанымыз жараспас. Иә, аңыздың да өмір сүруге, таралуға хақысы бар. Бірақ аңыз екенін көрсетіп, жазып, көрсетуіміз керек қой. Аңыздың ауылында ғылымға және дерекке орын жоқ.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры