
«ҚазТрансОйл» АҚ базасында мұнай құбырлары компаниясының ұжымы және өңірлік филиалдарымен елдегі Конституциялық реформалар туралы ашық форматта мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазіргі таңда компания құрылымында мердігер ұйымдарды қоса алғанда 13 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде.
-«ҚазТрансОйл» – елдің энергетикалық тамырына қан жүгіртіп тұрған стратегиялық тетік. Ішкі нарықты да, экспорттық бағыттарды да үздіксіз қамтамасыз етіп отырған бұл жүйе, экономикалық қуаттың берік арқауы. 2025 жылы компанияның магистральдық мұнай құбырлары арқылы 45 миллион тоннадан астам мұнай тасымалданды. Кездесу барысында конституциялық реформалардың стратегиялық салаларға, ұлттық қауіпсіздікке және экономикалық орнықтылыққа ықпалын талқыладық. Әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және еңбек адамының мәртебесін арттыру конституциялық жаңғырудың негізгі басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өттім. Энергетикасы мығым елдің экономикасы берік, ал экономикасы берік мемлекеттің іргесі де нық болмақ, — дейді «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының төрағасы Ерлан Каналимов.

Жиынға қатысқан сенатор Геннадий Шиповских ел дамуының жаңа кезеңіндегі саяси жаңғырудың негізгі бағыттары, Ата заңға енгізілген өзгерістердің мәні мен маңызы туралы жан-жақты баяндады.
-Әсіресе, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Парламенттің рөлін арттыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Ұжым өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, реформалардың әлеуметтік-экономикалық даму үдерістеріне ықпалы туралы пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен кездесу конструктивті әрі мазмұнды болды, — дейді ол.



