Қажымайтын Қажы Қорғанов

Қай дәуірдің болмасын өз шындығы, өз шырағы бар. Бірі сол дәуірдің күйін шертіп өтеді, бірі елдің мұңын жеткізіп кетеді. Ал енді бірі сол екеуін де қатар алып жүріп, ұлттың көзін ашқан, сөздің қадірін арттырған қаламгерлердің қатарынан табылады. Сондай тұлғалардың бірі – қайраткер журналист, қазақ телевизиясының тарланы, диктор-тілші Қажы Қорғанов. Қажы ағамыздың әңгімесін тыңдасаң әр сөзінен дәуірдің демі еседі. Оның естеліктері – құрғақ баяндау емес, көз көргеннің куәлігі.
– «Кеудесі ағалардың алтын сандық» кітабымда 99 кейіпкер туралы естелігімді жаздым. Оның қазір біреуі ғана тірі. Ол – Мұхтар Шаханов. Қалған кейіпкерлерім келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанды, – деп сөзін бастады Қажы Қорғанов. – Менің өмірімдегі үш мерейтой – уақыттың өзі сыйлаған үш биік белес. Сол биікте жүргенімде, талай жандармен дәмдес те, тілдес те болдым. Солардың бірі – қайталанбас тұлға Қадыр ағам Мырзалиев. Қазақ поэзиясының аңызы. Сол 1989 жылғы Жоғарғы Совет сессиясында әр сөздің салмағы бар еді… Алдымдағы қатардың бірінде Шахмардан Есенов ағамыз отырды. Ойды арманға жалғайтын жан еді, ау шіркін!..
– Даусыңыз естілмей жатыр ғой, аға, – деп қалжыңмен ағамды қағытып өттім. Білгенге әзілің кішілік, білмеске оттай боп көрінер. Ағамыз езу тартып қойды, операциядан әлсіреген бір сәті болар. Шахмардан аға басына ота жасатып, Мәскеуге қайта аттанғалы жүр екен. Содан соң Қадекеңе (Қадыр Мырзалиевке) де келіп, зілсіз әзілмен: – Сіздің дауысыңыз да естілмей жатқанынан-ау, ә?!» дедім. Абыройы асқақ ақын маған парағын көрсетті. «Көрдің бе, ойымда мың өлеңнің жолдары өріліп жатыр. Сонымен арпалысып отырмын» деді. Ойдың қуаты, сөздің шуағы сонда тұр. Сол жылы өзімнің 50 жылдық мерейтойымды атап өткелі жүргенмін. Қадыр ағаға шатырдай шаңыраққа шақырту беріп тұрып:
– Міне, тақырып өзіңізге дайын, аға! – дедім. Қадыр аға күліп жіберді. Сөйтіп жүріп, қолтаңбалы өлеңін де арнады. Жұрт сұрайды сонда: «Қадыр аға тойға өлең жазбайды, ал саған қалай жазды?» деп. Менің де бұл сұраққа жауабым жоқ. Тек бір нәрсені әлі күнге дейін ойлаймын. Қадекеңнің бүйрегі бұрып, ағалық сарынды жалғастыратын жан ретінде мені таныса керек. Әйтеуір, маған сонда көңілі ауған.
Күндер зулап өтіп жатты. Бір күні эфирге жазып жатқан «арызқойлар» жайлы хабарда елден ерек кейуананы таптым. 13 жасынан арыз жазып келе жатқан ақсақал екен. «Батпағы көп бюрократияның» бетіне тура қарап тұрған бекзаттық кейіпкерім деп санаймын. Ақсақалмен кездеспей тұрып операторға «Камераны дереу қос!» дедім. Сөйттім де «Ассалаумағалейкум, аға! Арыз деген өзі бір жақсы ғой. Біздің басшылар, неге қапыда қалып жүр?» деп көкейіндегі сөзді қозғап, бір қызықты бастап қалдым. Ақсақал бар шындығын айтып, шешіле сөйледі. Бірақ, операторым камераның дыбысын шиқылдатып алып, айтылмаған сырдың бетін ашып қойды. Кейіпкеріме камераның қосулы екенін айтпай үйге кіргенбіз.
– Балам-ау, түсірер болсаңдар, неге айтпайсыңдар?! Галстугымды тағып алар едім ғой, – деп күлді. Күлкісінен сыр таптым. Кісідегі сенім – ең ауыр жүк екен. Арызды емес, арыздың артындағы жанды тыңдау – сол кезде кеудеме орнаған қағидат.
Жаңғырықтатып жүрген жерім жоқ, бірақ бір білгенім – еңбек жайлы әңгіме айтсаң, ең әуелі адамның өзегіне үңіл. Ауыл шаруашылығы жайлы хабар жасаймын деп талай облысты аралап, талай қыр астым. Еңбек үстінен туған туындыларымның бірі – «Төрт түліктің төресі – түйе», «Желден жүйрік – жылқы» жайлы көпсериялы хабар болды. Қой шаруашылығы жайлы «Қой өсірудің озат тәжірибе мектебі» деген тақырыпта хабар тараттым. Оны Мәскеуде пленумда мақтапты. Бірақ, жүректі елжірететін әңгімем – қазақтың үш қойшы қызы жайлы еді. Бірі – Сыр бойының сұлуы Рабиға Іждіқұлова. Екіншісі – Мойынқұмның ерке желіндей Нұржамал Туғанбаева. Үшіншісі – Шымкенттің парасатты аруы Фатима Қадырбаева. Бұл қыздың бойында ақыл да, ізгілік те, іскерлік те тоғысқан. Мәскеуге іссапар алдында Шымкенттен Алматыға келіп, өз ауылынан оқып жүрген студенттерді жинап, дастарқан жайып, әрқайсының хал-жағдайын сұрайды екен. «Қандай қиындықтарың бар, не кедергі?» деп барлай сөйлесіп, бірінің жатақхана мәселесін, енді бірінің стипендиясын реттеп, әрқайсына 5-10 сомнан ұстатып шығады. Осының бәрін істеп жүрген депутат Фатима сол кезде небәрі жиырма екі жаста еді. Жиырма екі жаста! Мұндай парасат, мұндай жауапкершілік екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік емес пе?!
Өмірімнің бір шақтарында табаным Дағыстан топырағына тірелді. Қазақстанның екі сағаттық телебағдарламасын көрсету үшін Дағыстанға сапар шектік. Кешкісін жергілікті телеарнаның жігіттері мейрамханаға шақырды. Барсам, Расул Ғамзатовтың өзі отыр екен. Сол уақытта ол кісі елуге таяп қалған, ал мен жиырма бестің айналасындағы жас жігітпін. Әңгімелесіп, таныса кеттік. Көп ұзамай Ғамзатов генералдың мерейтойына шақырды. Сол мерекеде маған да сөз берілді. Мен сонда «Дағыстан мен Қазақстанның достығы тереңде. Жамбыл мен Стальский, Әуезов пен Ғамзатов ағаларымыз жапсарласа жүрген заманнан бастау алған» деп, ел арасындағы ағайындықты еске салуға тырыстым. Сол сөзден кейін Расул аға ертеңінде үйіне асқа шақырды. «Ыңғайсыз болмай ма?» деп едім, «Дағыстандықтарда «неудобный» деген сөз жоқ» деп қысқа қайырды. Дағыстанның тынысын да, тұрмысын да сол үш күн ішінде көп көрдім.
Ғамзатовтың қолында үш кітабы бар екен. Соның бірі шырпы қорабынан сәл ғана үлкен екен. Кітаптарына қолтаңба қалдырып, маған сыйға тартты. Одан соң әуежайға дейін шығарып салып, қолымды қысып қоштасты. Кейін ол кісіні Кремльде бір-ақ көрген едік. Бірақ сол алғашқы кездесу мәңгі жадымда қалды.
Қазақты биіктететін – еңбек. Қазақтың атақты еңбек майталмандарының бәрі де менің тұрақты кейіпкерім болды. Еңбектің сөзін сөйлеу үшін – көргеніңді, білгеніңді жеткізе білу керек. Мәселенің мәнін ашпай, жай хабар тараттым деп айту – қазақ тілінің қадіріне сын.
– Ауыл шаруашылығына келгенде бір адамдай жұмыс істедім. Елдің ер-тұрманы мен арба-шанасына дейін мәселе көтердім. Дәл осы ер-тұрман жайлы 5-6 хабар жасадым. Киіз үйдің мәселесі жайлы Димекең (Дінмұхаммед Қонаев) министрлерді шақырып алып ұрсыпты: «біз өзіміз бірдеңе бітіріп жүрміз бе десек ештеңе бітірмеппіз ғой, жігіттер. Кеше малшылармен кездесіп масқара болдым. Аспанға ғарышкер ұшырып жатсыңдар, біздің киіз үйдің түрі мынау. Қап-қара болып, былжырап жатыр. Осы мәселені дұрыстаңдар» деп пәрмен беріпті. Осыдан соң бес министрмен бірге жарты сағаттан бес хабар жасадым.
Біздің міндет – ұлттың мұңын айтып, ұлттың жолын ашу. Сонда ғана ата-бабаның аруағы кең көкжиегіңде желбірер. Мені өзгеден биік қылған атақ емес, марапат та емес. Жоғарыдан келген пәрмен де емес. Мені қолдаған – бабаларымның аруағы, ана тілінің өсиеті, адамның бұзылмайтын ұяты. Әйтпесе менің ешкімім жоқ. Құдайдың шарапаты тиді. Жастық шағым жаман өткен жоқ. Жасындай жарқылдап, бармаған жерім жоқ. Бұл – менің өмір мектебім. 1971-1976 жылдары «Алтын дән» хабарын орысша және қазақша жүргіздім. Осы бағдарламаның арқасында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым. Телевизия тарихында екі тілде хабар таратқан екі адам ғана болды. Бірі – Совет Масғұтов, екіншісі – мен. Біздің артықшылығымыз сол болды.
«Тақырыпты тереңдете жазу – парыз. Шешіміне жол ашу – міндет» деп талай жазушыға, жас журналистерге тіл қаттым. Бір білгенім, шындықтың жолы – ауыр. Бірақ сол жолда жүрген адам өмірін бос кешпейді.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



