Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қазақы қалжың қазір қайда қалды?

Астана. Сықырлаған сары аяз. Қаңтар қаһарына мінген. Әлсін-әлсін ақ борандатып қояды. Көңілім алай-дүлей. Бір нәрсе жетпейтіндей көрінді. Көзіме түскен кофеханалардың біріне бас сұқтым. Кісі көп. Бірақ бәрі үнсіз. Қалта телефонына шұқшия қарағандардың көңілі солыңқы сияқты. «Астарың дәмді болсын, ағайын!» дегеніме, «Асымда шаруаң болмасын» дегендей, бір-екеуі ақия қарады. Үнсіздік. Жылылық болмаған жерде жүрекке күш түсетінін түсіндім де, кірген есігімнен кері шықтым.

Ұлы дала даңғылы. Бетімді желге тосып, келесі кофеханаға бет алдым. Қала іші қарбаласқа толы. Әрлі-берлі ағылған көліктің шуылы құлақты тұндырады. Жүріп келе жатып, кенеттен қатты күлдім. Күлкімді тыя алар емеспін. «Күлкі – арсыз» деген осы шығар. Астана көшесінде ойыма қайдан оралғанын білмеймін, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің бір қалжыңы есіме түсе кетті.

Бірде асханаға барған Өтекең тамақтанып отырған жігіттердің жанына жайғасыпты. Әлгілер «Келіншектер неге түнде босанады?» деген тақырыпта әңгіме айтып отырса керек. Сонда Өтекең жарықтық: «Түнде жасалған дүние түнде шықпай ма?» деген екен. Тағы бірде құда болып, қыз алуға барғанында асаба оның аты-жөнін шатастырып, «Бас құда Әлімгерейге сөз береміз» дейді. Сонда ортаға шыққан Өтекең: «Осыдан 25 жыл бұрын өмірден өткен Әлімгерей қарттың болмауына байланысты – ұлы мен, Өтепберген, құда болып келіп тұрмын» депті. Аяқ астынан сөз тауып кететін Өтекеңе тойшы қауым риза болыпты. Тапқырлық қой!

Қазір әлеуметтік желіге сағызша жабысып алған ағайын күлмейтін болған. Әлденеге бұрқылдайды да жүреді. Қоғам қатыгезденіп кеткендей…

Дастархан басына жинала қалсаң да сол. Саясатты сөз етіп, бәрі білгіштеніп шыға келеді. Жақында ақын Дәурен Берікқажыұлымен дәмдес болдық. Сол отырыста Дәукең: «Қазір қалжыңдаса алмайтын болдық» деп әңгіме тиегін ағытты. – Оған себеп – елдің көңілсізденіп кеткені, – деп жалғады сөзін.

– Жиын-тойларда қазақы қалжың айтылып, күлкіге қарқ болушы едік. Қазір сол жоғалып бара жатыр. Кіммен кездессең де, мәселе айтып шыға келеді. Проблема деген таусылған ба өзі? Бірауық сол ойдың жетегінен шығып, неге жайраңдап отыра алмаймыз, ә? – деді.

Рас, сөзінің жаны бар. Өз көңіліңді өзің жадырата алмасаң, жаның қайдан тыншысын? Әрине, көрінген жерде күлегеш бол деуден аулақпыз. Алайда өз орнымен айтылған әзілге жететін не бар?

Бұрын нағашы мен жиен, қайын іні мен жеңге, жезде мен балдыз арасындағы қазақы қалжыңдар болушы еді. Қазір ұмытыла бастаған. Қазақ атамның қалжыңы о бастан қалтасында жүретін. Қай жерде түсіріп алғанын Құдай білсін, әйтеуір қазір қалжыңдасу дегенді ұмыттық-ау…

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button