Қазақстанның туристік қызметтері экспорты жарты жылда 18% өсті

Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туристік қызметтер экспортының үлесі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% өсті және 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте елімізге Қытайдан келушілерден түскен кіріс 50% артып, 192 млн АҚШ долларына жетті. Шетелден түсетін кірісті тартудың маңыздылығые және ішкі туризм неге әлеуметтік бағыт ретінде қарастырылады? Бұл туралы «Kazakh Tourism» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2024 жылы туристік қызметтер экспорты 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.
«Кіру туризмі ел экономикасына валюта әкеледі. Қытайдан келген қонақ юань, Германиядан келген турист еуро жұмсайды. Бұл — біздің туристік қызметтеріміздің тікелей экспорты. Туризмнің жалпы ұлттық өнімдегі үлесі көп емес. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш ЖІӨ 10% дейін жетуі мүмкін, ал ақшалай түрде 20-30 млрд АҚШ долларын құрайды. Сондықтан кіру туризмін дамытудың негізгі мақсаты — шетелден пайда әкелу және оны халыққа, жергілікті бизнеске тигізу», – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы
Даниел Сержанұлы саланың бағыттары арасындағы айырмашылықты да атап өтті. Ішкі туризм азаматтардың денсаулығы мен қалпына келуіне ықпал ететін әлеуметтік аспект ретінде қарастырылады.



