Ел тынысыСаясат

Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінде еліміздегі референдум туралы айтылды

Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нигина Ализодамен кездесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-тәжік ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға өзара ниет расталды.

Өзара тауар айналымын арттыру, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар екі елдің транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдаланудың, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Кездесу барысында Елші тәжік тарапын Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда өтетін Қазақстанның Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Республикалық референдум туралы хабардар етті. Ұсынылып отырған конституциялық реформалар саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, өкілді институттардың рөлін арттыруға, оның ішінде бір палаталы парламент құруға бағытталғаны айтылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстанның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы белсенді өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға, сондай-ақ барлық деңгейлерде сындарлы диалогты дамытуға дайындық расталды.

фото: ҚР СІМ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button