
Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Парламенті Төрағасының орынбасары Влад Батрынчамен кездесу өткізді. Сұхбат барысында таратар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Тараптар Қазақстан мен Молдова арасаындағы қатынастардың сындарлы бағытта дамып келе жатқанын растап, парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға өзара мүдделілік білдірді.
Елші 2025 ж. Молдованың Астанадағы Елшілігінің ашылуының маңыздылығын, сондай-ақ Молдова Вице-премьері – Сыртқы істер министрі М.Попшойдың Қазақстанға жасаған ресми сапарын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістердің қазіргі барысы туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент қызметінің тиімділігін арттыруға және өкілді билік институттарын дамытуға бағытталған бастамалары сөз болды. Институционалдық жаңғыртудың ықтимал бағыттарының қатарында парламенттік модельді оңтайландыру, оның ішінде бір палаталы форматты қарастыру мәселесі бар. Осы мақсатта арнайы комиссия құрылған.
Қазақстандағы ауқымды конституциялық реформаның маңызды элементтерінің бірі ретінде ел Конституциясының жаңартылған нұсқасының алғашқы жобасының ұсынылғаны аталып өтті.
Вице-спикер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтынын білдіріп, олардың демократиялық институттарды нығайту және мемлекеттік басқару жүйесінің орнықтылығын арттырудағы маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның мемлекеттік саясатына, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту саласындағы қол жеткізген нәтижелерге ерекше назар аударылды. А.Айдарбеков заманауи нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, кадрларды даярлау, сондай-ақ мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік салада жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу жөнінде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
В.Батрынча Молдова тарапының екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қызығушылығын атап өтті. Молдова ауыл шаруашылығы, фармацевтика және сауда салаларында, сондай-ақ цифрландыру мен инновациялық технологияларды қоса алғанда, бірқатар перспективалы бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Молдова ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік танытып, тұрақты парламентаралық диалогты сақтаудың маңыздылығын растады.



