Ел тынысы

Қазақстанның мәдени мұрасы: бірінші жартыжылдық қорытындысы

Бүгінде Қазақстанда 25 000-нан астам тарихи‑мәдени мұра нысаны тіркелген. Оның қатарында республикалық маңызы бар – 265, 12 000-ге жуық жергілікті маңызы бар нысан бар. Еліміздің 10 мәдени мұра объектісі ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне енгізілген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО Әлемдік мұра орталығына екі жаңа нысан ұсынды. Біріншісі  – «Маңғыстаудың жерасты мешіттері», олар бес жерасты мешітінен тұрады. Атап айтсақ, Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата және Сұлтан епе. Екіншісі  – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен бірге әзірленген трансұлттық номинация «Жібек жолы: Ферғана‑Сырдария дәлізі», оған Отырар, Сауран, Ясы, Сығанақ, Жанкент және Жетіасар оазисінің ескерткіштері кіреді.

Сонымен қатар, Қазақстан Әзербайжан, Түрікменстан, Иран және Ресей бірігіп, «Жібек жолы: Еділ-Каспий дәлізі» трансұлттық номинациясын әзірлеуде.

2025 жылдың мамырында халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, мәдени және табиғи мұраға арналған «Үстірт: табиғи ландшафт және аңшылық тұзақтары» атты аралас номинацияға дайындық басталды. Номинациялық ұсыныс қыркүйекте UNESCO-ға жіберіледі.

Осы жылы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұралар репрезентативтік тізіміне «Беташар» рәсімі енгізіліп, жалпы мұра саны 14-ке жетті. ЮНЕСКО комитетіне «Салбұрын» және «Алпамыс батыр эпосы» ұсынылды. Өзбекстанмен бірге «Кесте‑сюзане өнері» мен «Тақия» номинациялары бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Құжаттық мұра ретінде UNESCO «Әлем естелігі» халықаралық тізіміне Қазақстанның төрт коллекциясы енгізілген. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи шежірелері, «Невада‑Семей» антиядролық қозғалысының архивтері, Арал теңізінің архив қорлары және жақында енгізілген «Хандар шежіресі» қолжазбасы бар.

Министрлік материалдық және материалдық емес мұраны сақтау үшін кешенді жоспар әзірледі және құжат мемлекеттік және жергілікті органдарға жіберілді. Археологиялық заңсыз қазба жұмыстарына тыйым салу және мәдени мұраны қорғау мақсатында заңнамалық өзгерістер де қарастырылуда.

Цифрландыру бағытында мәдени мұра нысандары бойынша жасанды интеллект алгоритмдері қолданылатын ұлттық цифрлық дерекқор құрылуда. Сондай-ақ электронды билеттерді енгізу мәселесі де зерттелуде. Атап айтсақ, Отырар, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Қарахан және Айша Бибі кесенелеріне электронды билет беру жүйесін енгізу көзделуде.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени мұраны сақтау және насихаттау бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бұл шаралар ұлттық болмысымызды нығайтып, халықаралық деңгейде Қазақстанның беделін арттыруға бағытталады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button