Ел тынысы

Қазақстанның Халық Кеңесі – жалпыұлттық диалогтың жаңа платформасы

Өткен жұмада Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаудың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды.

Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Конституция жобасының халықты елең еткізген жаңалықтарының бірі де бірегейі — Халық  кеңесі саяси институтыны енгізілуі десек болады.

Аталған институт азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы жүйелі әрі тұрақты диалогты қамтамасыз етуге бағытталған.

Елімізде соңғы жылдары «Әділетті Қазақстан» идеясын іске асыру мақсатында саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістер жүргізілуде. Осы өзгерістердің басты өзегі – халықтың мемлекеттік басқару ісіне тікелей және мазмұнды түрде қатысуын қамтамасыз ету.

Конституцияға енгізілген өзгерістер, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктісақтай отырып, елдегі саяси басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Алайда институционалды реформалардың табыстылығы тек құқықтық нормалармен емес, қоғамның шешім қабылдау процесіне нақты қатысуымен өлшенеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Халық Кеңесін құру –  билік пен қоғам арасындағы тұрақты, кәсіби және жауапты диалогты қамтамасыз ететін жаңа саяси институт ретінде қарастырылмақ.

І. Халық Кеңесін құрудың саяси-қоғамдық негіздемесі

Қазақстан Республикасындағы жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігінің бірден-бір айқындаушысы десек, онда қабылданған шешімдердің сапасы мен олардың қоғаммен кері байланысы үнемі басты назарда. Десек те  мемлекет басшысы осы тұрғыдан келгенде елімізде бірқатар жүйелі мәселелер бар екенін айтқан болатын:

  • қабылданатын заңдар мен реформалардың әлеуметтік салдары толық зерделенбейді;
  • өңірлердің нақты проблемалары орталық деңгейде кеш естіледі;
  • сараптамалық пікір мен қоғамдық сұраныс саяси шешімдерге жеткілікті деңгейде ықпал етпейді.

Осы мәселелердің түпкі себебі – қоғамдық өкілдік пен кәсіби сараптаманың институционалдық әлсіздігі. Сондықтан да, мемлекет басшысы Қ-Ж.К. Тоқаев айтқандай, Халық кеңесі – объективті қажеттіліктен туған, дәлелге, сараптамаға және ұзақмерзімді ұлттық мүддеге негізделген қоғамдық саяси институт болмақ.

ІІ. Халық Кеңесінің мәртебесі

Қазақстанның Халық кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тәжірибесін сақтай отырып, жаңа, кеңейтілген форматтағы жаңаша институт болады деп ойлаймыз.

Оның басты ерекшелігі – Кеңес жоғары консультативтік орган бола отырып, заң шығару бастамасы құқығына ие. (VІ бөлім,  70,70 баптар)

Бұл дегеніміз:

  • Халық Кеңесі қоғам үшін маңызды заң жобаларын ұсына алады;
  • Құрылтайдың заң шығару қызметіне ықпал етеді;
  • Халықтың мүддесін тек кеңес беру деңгейінде емес, нақты шешімдер арқылы қорғайды. Осылайша, Халық Кеңесі халық пен мемлекет арасындағы байланыстың нақты тетігіне айналады.

ІІІ. Халық Кеңесінің негізгі қызметтері

Халық Кеңесінің қызметі бірнеше маңызды бағытты қамтиды.

Біріншіден, қоғамдық келісімді нығайту. Яғни, Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы мемлекет екенін ескерсек, Кеңес этносаралық және дінаралық татулықты сақтауға ерекше мән береді.

Екіншіден, қоғамдық пікірді білдіру, яғни азаматтардың әлеуметтік, мәдени, саяси мәселелерге қатысты ұсыныстары мен бастамалары жүйеленіп, мемлекеттік деңгейде қаралады.

Үшіншіден, азаматтық қоғамды дамыту, яғни қоғамдық ұйымдар, сарапшылар мен белсенді азаматтар, Халық Кеңесі арқылы елдің дамуына қатыса алады.

ІҮ. Мемлекеттік билік жүйесіндегі орны

Жаңа Конституция жобасына сәйкес, заң шығару бастамасы құқығы:

  • Президентке,
  • Құрылтайға,
  • Үкіметке,
  • және Қазақстанның Халық Кеңесіне беріледі. Бұл норма Халық Кеңесінің саяси салмағын айқын көрсетеді. Яғни, ол тек кеңесші емес, мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін орган. Бұл – халық билігінің нақты көрінісі.

 Ү. Халық кеңесінің құрамы

Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылды: 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – ірі қоғамдық ұйымдардан, 42 өкіл – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайды, ал төрағасын Кеңес мүшелері сайлайтын болды.

Қорытындылай келе, Қазақстанның Халық Кеңесін құру – еліміздегі демократиялық даму жолындағы маңызды қадам.

Бұл орган:

  • халықтың үнін күшейтеді;
  • қоғам мен билік арасындағы сенімді арттырады;
  • әділетті, ашық және адамға бағдарланған мемлекет құруға ықпал етеді. Қазақстанның Халық Кеңесі – халықтың сөзі ескерілетін, ұсынысы заңға айналатын жаңа дәуірдің белгісі болатынына кәміл сенеміз.

Зұлфухар Ғайыпов саяси ғылымдарының докторы,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік басқару және қоғамдық қатынастар орталығының басшысы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық Құрылтай мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button