
-2026 жылғы 30 қаңтарда жарияланған Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасында мемлекеттің шекарасы мен аумағы, оның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы мәселелер нақтыланып әрі ерекше күшейтілген формада берілген екен. Мұның өзі – қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған алмағайып заманда Республика халқының ерік-жігері мен мемлекет аумағының бөлінбеуін қамтамасыз етуге деген нақты ұстанымын көрсетеді. 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституция преамбуласының кейбір сөйлемдері қалдырылғанымен, жаңа жобада ол барынша жетілдіріліп, қазіргі жағдайымыз бен заман талабына сәйкес жаңаша редакцияда жазылғаны көрініп тұр. Әсіресе, «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап», — деген редакция арқылы мемлекеттіліктің бірден-бір негізі болып табылатын аумақ мәртебесін Конституцияның кіріспесінде-ақ тайға таңба басқандай етіп көрсетуі – көңілге қонымды әрі мемлекет халқының заңды еркі, — дейді тарихшы.
Конституция жобасының І бөлімінің (Конституциялық құрылыс негіздері) 2-бабының 6 тармағы толығымен мемлекеттік биліктің сипаты мен мемлекет аумағы және оның әкімшілік-аумақтық құрылысына, мемлекеттің мәртебесіне арналып, билік пен халықтың мемлекет пен оның аумағын көздің қарашығындай қорғайтын еркін айқындап тұр.
-Бұл тармақтар – 1995 жылғы Конституцияның 2-бабына қарағанда әлдеқайда нақты әрі күшейтілгенімен ерекшеленеді. 2-баптың 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет» деп, оның аумағында көзделуі мүмкін кез-келген провокациялық әрекеттерге алдын-ала тыйым жасалған. Бұл өте маңызды қадам! Сонымен қатар, осы 2-баптың 3-тармағында: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады», — деп, осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының қолданыстан шығарылып, Конституциялық жаңа заңның қабылданатынын айқындап отыр, — дейді спикер.
Әкімшілік-аумақтық құрылыс дегеніміз – мемлекеттің әкімшілік-аумақтық және шаруашылық, экономикалық ұйымдастыру және басқару жүйесі. әкімшілік-аумақтық құрылыс негізінде мемлекеттік билік пен салалық басқару органдары құрылып, өз өкілеттілігі шегінде қызмет атқарады. ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы жүйесіне мынадай әкімшілік-аумақтық бірліктер кіреді: ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс. әкімшілік-аумақтық бірліктер екі категорияға – аймақтарға және елді мекендерге бөлінеді. Аймақ – мемлекеттің бірнеше елді мекендері енгізілетін, оның мүддесі үшін құрылатын және басқарылатын республика аумағының бір бөлігі. ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысының негізгі буындары ретінде облыс, аудан және ауылдық округ аймақтары болып табылады.
Елді мекен – республика аумағының халқы жинақы орналасқан, кемінде 50 мың адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа да қоғамдық қызметі нәтижесінде қалыптасып құрылған, жергілікті өкілді және атқарушы органдары бар әкімшілік-аумақтық бөлік. Қазақстан Республикасындағы елді мекендер: қалалық және ауылдық елді мекендерге бөлінеді. Қалалық елді мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ оларға әкімшілік жағынан бағынышты кенттер; ауылдарға – олардың әкімшілік бағыныштылығына қарамастан қалған барлық елді мекендер жатады.
Қалалық аудандарға – халқының саны 400 мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қалалардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы аудандар жатады.
Халқының саны 1 млн адамнан асатын немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар – республикалық маңызы бар қалалар болып есептеледі.
Ірі экономикалық және мәдени орталықтар болып табылатын, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар және халқының саны 50 мың адамнан асатын елді мекендер – облыстық маңызы бар қалаларға жатады.
Аумағында өнеркәсіп орындары, коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектілерінің дамығын желісі бар, халқының саны кемінде 10 мың адам болатын, халқының үштен екісінен көбін жұмысшылар, қызметшілер және олардың отбасы мүшелері құрайтын елді мекендер – аудандық маңызы бар қалалар болып есептеледі.
Өнеркәсіп орындарының, құрылыстардың, темір жол стансаларының және т.б. экономикалық тұрғыдан маңызды нысандардың жанындағы, халқының саны кемінде 3 мың адам болатын, олардың кемінде үштен екісін жұмысшылар, қызметшілер және олардың отбасы мүшелері құрайтын елді мекендер – кенттерге жатады.
Сонымен қатар, кемінде 2 мың халқы бар, жыл сайын емделу және демалу үшін келетіндердің саны кемінде олардың жартысын құрайтын, емдік маңызы бар жерлерде оналасқан елді мекендер де кенттерге теңестіріледі; сондай-ақ, қала тұрғындарының жазғы демалыс орындары болып табылатын, ересек халықтың кемінде 25 пайызы ауыл шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын саяжайлар да кенттерге жатады. Халқының саны кемінде 50 адам болатын, олардың кемінде жартысын ауыл, орман және аңшылық шаруашылықпен, бал арасы шаруашылығымен, балық аулау мен балық өсіру шаруашылығымен айналысатын қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет және спорт мамандары құрайтын елді мекендер – ауылға жатады.
Ал халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына кіргізіледі. ҚР Президенті мен Үкіметі, жергілікті өкілді және атқарушы органдар өз өкілеттіктеріне сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, оларға ат қою мен өзгерту туралы шешімдер қабылдауға құқылы.
Бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасында республикалық маңызы бар 3 қала (Астана, Алматы, Шымкент) және 17 облыс бар.
Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының ерік-мүддесін білдіреді және жалпымемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды айқындайды, олардың жүзеге асырылуын бақылайды (88-бап) және ) өз қарауына жатқызылған жергілікті әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешеді.
-Жаңа Конституция жобасына сәйкес, Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты Конституциялық заңды шығаруға Құрылтай құқылы. Сондықтан, жаңа Конституция жобасы қабылданғаннан кейін, Қазақстан Республикаcының әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты жаңа Конституциялық заң қабылданып, әкімшілік-аумақтық құрылымды басқару мен шаруашылық жағынан дамытуға қатысты оңтайлы өзгерістер болады деп күтейік, — деп түйіндейді сөзін С. Шілдебай.



