Басты ақпаратМәселе

Қазақстанға «Қасіретті туризм» қажет пе?

Байлығы тасыған бақуатты елдің тұрғындарына таңсық бір дүние бар. Ол – «Dark tourism». Тура қазақ­шаласақ, «қасіретті туризм» дегенге саяды. Бұл сөз әлемдік туризм индустриясында кейінгі он жылдықта кең таралғандай. Яғни, жаңа бағыт. Дұрысы, алғаш ХХ ғасырдың соңында ғылыми еңбекке еніп, адамзат тарихындағы қайғылы оқиғаларға, саяси қуғын-сүргінге, геноцидке, соғыс пен апат орындарына туристік қызығушылықты арттыруға қолдана бастаған термин еді.

«Қасіретті туризм» – көңіл көтеру емес

Жоғарыда айтқандай, теңіз бен түрлі табиғаты сұлу жерден гөрі, табиғи апат пен адам қолынан болған оқиғалар орнына құмартатындар саны жетерлік. Әрі олардың көбі – өткен тарихқа үңілушілер. Туристердің мұндай тобы Қазақстанға да жиі аялдап жүр. Бұған еліміз де ХХ ғасырдағы ауыр тарихи кезеңдерге куә халық ретінде «қасіретті туризмнің» өзіндік бағыттарын ұсына алады. Бұл – мамандардың сөзі.

«Айта кететін жайт, «қасіретті туризм» – жай ғана демалу немесе көңіл көтеру емес, керісінше өткен тарихи қасіретті оқиғаларды тану, олардың адамзатқа тигізген зардабын түсіну бағытталған ерекше тәжірибе. Мұндай сапар көбіне турис­терге түрлі эмоция қалдырып, тарихи әділетсіздіктерді түсінуге, адамзат тарихынан сабақ алуға ықпал етеді» дейді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Әлібек Шоқпаров.

Әлібек Жұмабекұлының сөзінше, біздегі «қасіретті туризм» әлі толық игерілмеген. Десек те болашағы бар.

«Семей полигоны мен Арал теңізі – экологиялық апат аймағы екені түсінікті. Екеуі де адамның табиғатқа жасаған орасан зор қателігінің айқын көрінісі. «Қасіретті туризмнің» тағы бір орталығы – Қарағандыдағы КарЛАГ, яғни Қарағанды еңбекпен түзеу лагері. Лагерь көлемі жағынан бүкілодақтық ГУЛАГ жүйесінің ең ірі орталықтарының бірі болды. Долинка кентіндегі музей бүгінде мыңдаған шетелдік туристерді қабылдайды. Экспозициялар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдырын баяндап, лагерь өмірінің ауыр шындығын көрсетеді. Ал Ақмоладағы ең ірі лагерь – АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйелдері лагері) «қасіретті туризмнің» маңызды нысандарының бірі. Онда мыңдаған әйел, олардың ішінде әйгілі ғалымдар мен қайраткерлердің жұбайлары жазықсыз жазасын өтеді. Қазіргі музей сол зұлматты еске түсіріп, тарихи әділетсіздікті көрсетуге арналған» дейді ректор.

Сондай-ақ Қазақстанда Степ­лаг, Песчанлаг сияқты өзге де лагерьлер болған. Олар да болашақта «қасіретті туризмнің» халықаралық маршруттарына қосылуы мүмкін. Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді де «қасіретті туризм» нысандарына жатқызуға болады. Бұлар аса тартымды болмаса да тарихи шындықты тануға қызмет етері сөзсіз.

«Әлемде «Dark tourism», яғни «қасіретті туризм» саласы адамдарға тарихтан сабақ алып, өткенді ұмытпауға мүмкіндік береді. Әдетте оған апат немесе саяси қуғын-сүргін орындарына бару жатады. Қазір елімізде мұндай нысандарға келушілер саны артуда. Мұнан бөлек, әр облыстың өзіндік ерекшелігіне айналған орындар шетелдіктердің назарын аударып тұр. Мәселен, Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты және мәдени-тарихи орталықтар мен көрнекті орындар жиі таңдалады. Елдің оңтүстігінде Ахмет Ясауи мавзолейі, Отырар тәрізді Ұлы жібек жолы бойында болған тарихи мекендерге қызығушылық бар. Батыста Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы, Бекет ата жерасты мешіті, Шерқала тауы және Каспий теңізі аумағын атап өтуге болады. Шығыстан «Қатонқарағай» ұлттық паркін, «Рахман» қайнар бұлағын, Берел қорғандарын да айта аламыз. Астанамыз Бәйтерек, Бейбітшілік және келісім сарайы, Бас мешіт тәрізді нысандармен көзге түседі. Ақмола облысындағы Шучье-Бурабай курорттық аймағын тамашалауға да сұраныс көп» дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.

Туристерге шынайы экспонат керек

Өңірде тілші болып (Қызыл­орда) жүргенімізде теңізді өлке – Аралға сапарлап бардық. Сондағы «Балықшылар» музейіне соққанбыз. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени нысанда теңіз жәдігерлері топтас­тырылған. Ішіндегі әр дүние – бір-бір тарих. Мұнда 1700-ден аса экспонат бар. Келушілер музейдің «Балықшылар» және «Кемелер» деп аталатын екі бөлігін аралауға тұтастай бір күнді толық арнауына болатын сияқты.

Ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандар есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Мұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған.

Кеме демекші, теңіз тартылған соң олардың жайы қалай болған? Құрғаған ұлтанда олар қараусыз, қайырлап жатқаны белгілі. Күн өтті, ауа райының әсері бар, тот басты, құмда қисайған күйі қаңырап тұрған еді. Сонда да тыныштық бермеппіз. Кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салдық. Салғаны сол, сырт елге темір өткізгіштер бөлшектеуге көшті. Шетінен бұтарлап, үлкен жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.

«Жағада қалған кемелер кешегі күнге дейін болды. 5-6 жыл бұрын да туристер барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл-күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені олар шынайы емес. Бояп, сыртын сырлап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызық. Ал көрші Өзбекстан теңізден қалған кемелерін сақтап үлгерді» деді сонда музей қызметкерлері.

Рас-ау. Теңіздің Өзбекстан беттегі Мойнақ тұсында қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Тіпті мемлекет қарауына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал онда кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қатал дейді білетіндер. Ақиқаты сол, сонда барушы туристер ағыл-тегіл көрінеді.

«Арал теңізінің Өзбекстан, яғни, қарақалпақ ағайын мекен ететін Мойнақ жері бір кездері су толы аймақ болғаны белгілі. Қазір тек құрғаған ұлтан ғана қалған. Мойнаққа мыңдаған шетелдік турист келеді. Өйткені мұнда ежелгі қалалардан бөлек, кемелердің қаңқасы көп сақталған. Өзбектер теңіздің куәсіндей болған дүниелерін қорғап, ашық аспан астында туризмді жандандырып отыр» дейді әріптесіміз, бұрын «Хабар24» телеарнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі болған Рауан Мыңбаев.

Кесілген кемені кімнен сұрарсың?!

Кезінде қараусыз қалдырып, бүгінде кемелер орнын сипап қалғанымыз кімнің кінәсі? Ал көп жылдан бері туристерге гид-аудармашы болып қызмет атқарған аралдық Серік Дүйсенбаевтың пікірі ойландырмай қоймайды.

«Әлі есімде, сол кездегі басшылық «кемелерді Аралға әкелу, иә болмаса қорғау қиын» деді. Кейін Жалаңаштағы он екі кемеден соң Ақеспедегі алты кемені қанша айтып жүргенде оны да 4 жыл бұрын тып-типыл қылды. Шығанақтағы Пинк Флойд клип түсірген кемелер екібастан жоқ болды. Әлі де кеш емес, Ақбастыдағы екі кемені Аралға не бақылай алатындай жақын жерге әкелуге болады. Бірақ фундаментке не тұғырға орнатпай-ақ, табиғи күйінде теңіз табанында қайырлап қалғандай орналастыру керек. Екі кеме үшін ешқандай турист 280 шақырым жерге бармайды, оның үстіне ол екеуі фото не бейнетүсірілім жасауға болатындай әсерлілігін жоғалтқан» дейді Серік.

Оның сөзінше, туристерді Аралдан Жалаңашқа дейін қырық бес шақырым бойы кепкен теңіз табанымен алып жүресіз. Жолда ескі балық қабылдау орнын, жел күні сордың үстінде тұзды құйындар көруге болады. Әрі қарай Жалаңаш, Тастүбектен балықшы отбасынан түскі ас, шұбат, түйе саууды көрсету, балықшылармен бірге балық аулау, әрі қарай Ақеспеге дейінгі каньондар, Қарасандықтағы төбелерге жаяу шығу, ыстық бұлақ пен Ақеспенің құмында Дубайдағыдай джиппен сафари. Осының бәрі тек қана қайраңдап қалған кемелерді көру үшін келген туристке жолай ұсынылатын дүниелер еді. Ал кемелер кесіліп, темір қабылдаушыларға кеткелі олардың саны азайған.

«Кейінгі 15 жылдықта Арал ауданына алыс-жақын елдерден шетелдік туристердің келе бастады. Оның басты себебі бар. Америкада, Еуропада шығатын «Lonely Planet/Central Asia», «Bradt», тағы басқа жол-серік кітаптарда Қазақстанға арналған бөлігі болды. Онда Аралдағы кемелер қорымы арнайы туристік нысан болып енген. Бұл кітаптар əр төрт жылда жаңарып тұрады, кітап журналистері көрсетілген маршрут бойынша барлық нысанды аралап, толықтыру жұмысын жүргізеді. Мұнда тек қана саяхат орны ғана емес, сонымен бірге қонақ үйлер, музей, дəмханалар туралы мəлімет үнемі жаңартылады» дейді Серік.

Әуелі керегі – инфрақұрылым

Серіктің айтуынша, турис­тердің сырт айналуына кінәлі тек өзіміз. Кейінгі жылдары кемелер қорымын адамдар толықтай жойған.

«Біріншіден, біздегі турис­тік нысандардың көбінде инфрақұрылым нашар. Жол жоқ. Жарық пен су желісі толық тартылмаған. Екіншіден, көп бар нәрсені өзіміз қолдан құрттық. Бір ғана мысал, 2016 жылы Арал теңізі маңындағы Жалаңаш елді мекеніне жақын 12 кеменің соңғы үшеуі толық кесілді. Шығанақтағы 10 шақты кеменің барлығы, əнші Диана Шарапова «Аралдан ұшқан аққулар» атты бейнебаянын түсірген кеме де жартылай кесілген. Ақеспе маңындағы соңғы екі үлкен кеменің біреуін 2017 жылы бөлшектеп тынды. Əлем аузына қараған BBC, CNN, Voice of America сияқты компаниялары, қаншама фильм түсірушілер мен фотографтардың, «Pink Floyd» бастаған неше түрлі музыканттардың да қызығушылығын арттырған осы кемелер болатын. Youtube-тағы Аралға қатысы бар шетелдік деректі фильмдерді немесе арт-жобаларды алып қарасаңыз, бəрінде біздің кемелер жүр. Бұл кемелердің ерекшелігі – тарихтан сыр шертіп, табиғат аясында сол қалпында жатуы. Шетелдіктер үшін қазіргі музей жанындағы ескі айлақта тұрған кемелер қайта боялған ескерткіш қана. Жалпы фильм, фотосурет тұрғысынан теңіз табанында қалғандары ғана ерекше əсерлі. Туғалы жасыл желек, өзен-көл, мұхит көріп жүргендер үшін бұл – экзотика» дейді Серік.

Аралдық жігіттен естіген кемелер туралы шындық осы. Ал бүгінде алдын ала хат жолдаған туристер мұнда кеме қалмағанын естіп, сапарын əрі қарай жалғастырып жүр екен. Құрғаған теңізде туризмді дамытудың бірден-бір жолы осындай кемелерді сақтап қалу арқылы жүзеге асарын енді білдік. Білгенмен пайда бар ма?!

P.S: Елге келетін туристердің көбі мәдени-танымдық және табиғи бағыттарды таңдайды. Қазір Президент тапсырмасымен осы саланы жаңғыртуға, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық экономикаға кірігуге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асыруда. Дегенмен біз айтқан туризмнің бұл саласына бетбұрыс толықтай бұрылмаған. Ал жалпы туризм саласының әлі де инфрақұрылым игілігін кем көріп отырған өтірік емес еді.

Ержан ҚОЖАС

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button