Халықаралық ІТ-олимпиададан жүлдемен оралды

Қазақстандық оқушы қыздар халықаралық бағдарламалау олимпиадасында екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Германияның Бонн қаласында қыздар арасындағы Еуропалық информатика олимпиадасы (European Girls Olympiad in Informatics – EGOI) өтті. Бұл – мектеп оқушылары арасындағы алгоритмдік бағдарламалау бойынша әлемдегі ең ірі халықаралық жарыс.
Олимпиадаға Еуропа, Азия және басқа да өңірлерден 60 елдің 226 қатысушысы жиналды. Қазақстан атынан ұлттық іріктеу нәтижесі бойынша жасақталған құрама қатысты:
• Турғанбаева Тамила – 11-сынып, НЗМ ФМН, Астана;
• Игзекова Алина – 9-сынып, ФМЛ, Қостанай;
• Баймұхамбетова Аружан – 7-сынып, Flagman мектебі, Астана;
• Исаева Анита – 9-сынып, РФМШ, Алматы.
Құраманы Адина Мағавина мен Темірлан Сатылханов бастап барды.
Биыл Қазақстан құрамасы олимпиадаға Астанадан қашықтан қатысты. Бұл формат жарыс ұйымдастырушылары тарапынан ресми бекітілген және халықаралық талаптарға толық сәйкес өтті.
Барлық қатысушы үшін бұл – мұндай деңгейдегі алғашқы тәжірибе болды. Соған қарамастан, Турғанбаева Тамила мен Баймұхамбетова Аружан Қазақстанға екі қола медаль әкелді.
Біздің қыздардың бұл жеңісі – жай ғана медаль емес. Бұл – Қазақстанда әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті дарынды қыздардың өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Біз оларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Багдат Мусин.
Олимпиаданың тағы бір маңызды жаңалығы – 2026 жылдан бастап Қазақстан EGOI-дың ресми қатысушы елдерінің тізіміне енеді. Бұл мәртебеге құрама жетекшілерінің төрт жылдық жүйелі жұмысының арқасында қол жеткізілді.
Айта кетейік, European Girls Olympiad in Informatics (EGOI) – қыздарды IT саласына тарту және гендерлік алшақтықты азайту мақсатындағы жыл сайынғы халықаралық жарыс. Қазақстан EGOI-ға 2021 жылдан бері қатысып келеді.
Еске салсақ, Қазақстандық оқушылар географиядан халықаралық олимпиадада тарихи жетістікке қол жеткізді. Таиландта өткен IGeO-2025 география пәнінен халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті. Бұл – оқушылар арасындағы ең беделді әлемдік пәндік жарыстардың бірі. Қазақстандық оқушылар 2 алтын, 2 күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды.