Қазақстандық әскери музыканттар Мәскеудегі «Спасск мұнарасы» фестиваліне қатысады

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери музыканттары мен Құрмет қарауылы ротасы 2025 жылғы 22–31 тамыз аралығында Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін XVII Халықаралық әскери-музыкалық «Спасск мұнарасы» фестиваліне қатысады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған биылғы фестиваль әлемнің көптеген елдерінен келген үздік әскери оркестрлерді бір сахнада тоғыстырады. Оған Қазақстан делегациясының қатысуы халықтар арасындағы мәдени және әскери-патриоттық байланыстарды нығайтуға қосқан үлес болмақ.
Фестивальде Қазақстан Қарулы күштерінің атынан Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Орталық әскери оркестрі мен Құрмет қарауылы ротасы өнер көрсетеді. Шығармашылық құрамда Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің би труппасы мен фольклорлық-этнографиялық ансамблі де бар.
Қазақстандық тараптың музыкалық бағдарламасына қазақтың ұлттық әуеніне негізделген шығармалар, классикалық және қазіргі заманғы композициялардың түпнұсқалық аранжировкалары енген. Оркестр құрамына ұлттық үрмелі және ұрмалы аспаптардың үйлесімді енгізілуі орындауға ерекше ұлттық рең бермек.
1995 жылы құрылған Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі еліміздегі жетекші шығармашылық ұжымдардың бірі. Оркестр мемлекеттік және әскери салтанатты рәсімдерге, шерулер мен концерттерге қатысып келеді. Өнерлі ұжым тек Қазақстанда ғана емес, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей және басқа да шет мемлекеттерде сан мәрте өнер көрсеткен. Оркестр тарихындағы ерекше оқиға Лондонда өткен беделді Lord Mayor’s Show фестиваліне қатысып, үздік әскери ұжым ретінде танылуы болды.
Бүгінде Орталық әскери оркестр Қазақстан Қарулы күштері әскери-оркестрлік басқармасының бастығы – бас әскери дирижер подполковник Алмас Ибрагимовтың жетекшілігімен жұмыс істейді. Сондай-ақ музыкалық жетекшілік қызметтерді оркестр бастығы подполковник Мақсат Шәкенов пен көркемдік жетекші аға әскери дирижер капитан Нұрлан Қошқаров атқарады.
Қазақстандық әскери музыканттардың «Спасск мұнарасы» фестиваліне қатысуы олардың жоғары орындаушылық шеберлігін, саптық даярлығы мен сахналық мәдениетін көрсетіп қана қоймай, ұлттық дәстүрлерге деген құрмет пен ашық мәдени үнқатысуға ұмтылысты да паш етпек.