Ел тынысы

Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 16,6%-ға азайған

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша өндірістегі жазатайым оқиғалардан 584 жұмыскер зардап шегіп, оның     77-сі қаза тапты. Бұл ретте биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 16,6%-ға төмендеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ағымдағы жылы 6 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,08 құрады.

Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 61 адам, ШҚО-да – 50 адам, Павлодар облысында – 44 адам, Атырау облысында – 40 адам, Ақтөбе облысында – 39 адам зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 51 адам зардап шекті.

Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,1 % және құрылыс саласында – 9,2%.

Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (34,6%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32,9%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,6%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,1%).

Еңбекті қорғау фактілерінің бұзылушылықтары бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғаларды тергеудің 439 материалы жіберілді, соның негізінде 139 қылмыстық іс қозғалды.

Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің егізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3%-ға түсті.

Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру болйынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды.

Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.

Сонымен қатар, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Сервис іске қосылғалы бері 42 977 жұмыс беруші оны пайдаланды.

Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Бұл тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button