Қоғам

Қазақстанда жолдарда тұздың орнына не қолданылады?

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 238-бабының 9-тармағына сәйкес, топыраққа, жасыл желекке және қалалық экожүйеге тигізетін теріс әсеріне байланысты елді мекендер аумағында қысқы тайғаққа қарсы күресте ас тұзын қолдануға тыйым салынады. Осыған байланысты қыс мезгілінде жолдар мен тротуарларды қандай материалдармен өңдеу керектігі және тұзға қандай баламалар практикада қолжетімді екені барған сайын өзекті бола түсуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының («ҚазжолҒЗИ») мамандары атап өткендей, соңғы жылдары елде заманауи тайғаққа қарсы шешімдерді енгізуге жүйелі көзқарас қалыптасты. Жол саласында қолданылатын барлық жаңа материалдар мен технологиялар сапасы тексерілген және тиімділігі дәлелденген шешімдерді іріктеу мен бақылауға арналған Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасында міндетті түрде тіркеуден өтеді.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде аталған базада көше-жол желісін қысқы күтіп-ұстауға арналған шамамен бес отандық тайғаққа қарсы материал тіркелген. Олардың қатарында құрғақ та, сұйық та реагенттер бар, бұл өңірлердің климаттық және пайдалану жағдайларын ескере отырып, технологияларды икемді таңдауға мүмкіндік береді.

Маңыздысы – тіркелген материалдардың құрамында хлоридтер жоқ. Бұл олардың жол инфрақұрылымына, инженерлік құрылыстарға, абаттандыру элементтеріне және қоршаған ортаға тигізетін әсерін едәуір төмендетеді. Сонымен қатар мұндай реагенттер функционалдық тиімділігін сақтай отырып, көктайғақтың алдын алады және қар-мұз жиналуларын жоюға ықпал етеді.

«Тұздан бас тарту – бұл эксперимент емес, қауіпсіз әрі технологиялық шешімдерге саналы түрде көшу. Бүгінде экологияға зиян келтірмей, қажетті ілінісу деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдар қолданыста бар», – деп атап өтеді ҚаздорНИИ сарапшылары.

Институт мамандары тұзға баламалардың болуы өңірлерге қысқы жол күтімінің тәжірибесін кезең-кезеңімен жаңартуға, қауіпсіздік деңгейін төмендетпей, бір мезгілде экологиялық заңнама талаптарын орындауға мүмкіндік беретінін ерекше атап көрсетеді.

«Жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасы тапсырыс берушілердің теорияға емес, Қазақстан жағдайына бейімделген, сынақтан өткен және ұсынылған шешімдерге сүйенуі үшін құрылған», – деп түсіндіреді «ҚазжолҒЗИ» өкілдері.

Тайғаққа қарсы жаңа материалдарға көшу өзектілігі «ҚазжолҒЗИ» әзірлеген ҚР СТ 4036–2025 «Елді мекендердің көшелері. Көктайғаққа қарсы материалдар. Техникалық талаптар» ұлттық стандартының қабылдануымен одан әрі арта түсті. Аталған құжат қалалық ортада қолданылатын материалдарға қойылатын бірыңғай талаптарды бекітіп, оларды жүйелі түрде енгізудің негізін қалайды.

Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы экологиялық талаптар, жаңартылған техникалық тәсілдер және баламалы материалдардың пайда болуы Қазақстанда қалалық жолдарды қысқы күтіп-ұстауда ас тұзынан кезең-кезеңімен бас тартып, неғұрлым заманауи әрі қауіпсіз шешімдерге көшу үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button