Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және цифрлық трансформация қарқыны күшейтілуде

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне өткен жылы Президенттің Жарлығына сәйкес жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және құқық бұзушылықтардың алдын алу өкілеттіктері берілді. Бүгінде Агенттік аталған бағыттар бойынша мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Бүгінгі таңда Жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында жоспарланған іс-шаралардың 75 пайызы орындалды. Атап айтқанда, 61 іс-шараның 46-сы толық іске асырылып, қалған бөлігі орындалу сатысында.
Цифрландыру мен бюрократиядан арылту реформалардың негізгі бағытына айналды. Мемлекеттік органдармен жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар «Цифрлық теңге» платформасында бюджет қаражатының қозғалысын соңғы алушыға дейін қадағалауға мүмкіндік беретін «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылуда.
2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарының сақталуына талдау жүргізілді. Нәтижесінде 122 құқық бұзушылық фактісі анықталып, 13 адам әкімшілік, 58 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бағынысты қызметкерлерінің әрекеттері үшін 14 басшы жауапқа тартылды. Заң талаптарын сақтамағаны үшін 43 адам мемлекеттік лауазымынан босатылды.
Сонымен қатар, жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаулар жүргізілуде. 2025 жылы 655 ұсыным енгізіліп, оның 57%-ы орындалды. 2024 жылы құқықтық актілерге жүргізілген сараптама барысында 8 681 жоба талданып, 18 720 тәуекел анықталды, ұсынымдардың 81%-ы ескерілді.
Тәуекелдерді жүйелеу, осал лауазымдарды айқындау және алдын алу шараларын әзірлеу мақсатында жемқорлық картограммаларын енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
Агенттік жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда алдын алу, ашықтық және цифрландыру қағидаттарына басымдық бере отырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғам сенімін нығайту бағытында жұмысты жалғастырады.



