Ел тынысы

Қазақстанда қалдықтарды реттейтін тұжырымдама әзірленуде

Елімізде қалдықтарды басқару саласындағы қаржыландырылатын жобалар саны 5 есе артады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

— Биыл 28 наурызда Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы саясатты жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігіне ерекше назар аударылды, — деді Жомарт Әлиев Астанада өткен IX еуразиялық бизнес форумында.

Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі тараптармен бірқатар бастаманы қолға алды:

— 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қалдық түрін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірлеу;

— Қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын жандандыру және қаржыландырылған жобалар санын 5 есе арттыру;

— Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалар тізбесін айқындау;

— Қалдықтарды есепке алу және мониторинг жүргізу бойынша цифрлық шешім енгізу;

— Өңір әкімдіктеріне қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әр жобаны пайдалануға берілгенге дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз ету.

— Өнеркәсіп және құрылыс және Энергетика министрлігіне өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға қолдау көрсету мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеу.

— Жоғарыда аталған қадамдар қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты әрі ашық жүйесіне жедел көшуге саяси ерік-жігер бар екенін көрсетеді және саладағы ұлттық стратегияны күшейтуге негіз, — дейді министрдің орынбасары.

Бұған дейін Экология вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстанда «Жасыл» салық енгізу туралы ұсынысты жан-жақты талдау қажеттігін айтқан еді.

Айта кетейік, бүгін Астанада «Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» атты тақырыпта ІХ еуразиялық бизнес-форум өтті. Аталған жиында Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қазақстанда қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлеу керектігін айтып, «жасыл» салық енгізуді ұсынды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button