Қоғам

Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 16,8% төмендеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметтері бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 293 жұмыскер зардап шегіп, олардың 40-ы қаза тапқан. Бұл ретте осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8% – ға төмендеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі (1000 жұмыс жасаушыға шаққанда жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициенті) 0,04 құрады.

Жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік аймақтарында сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 31, Қостанай облысында – 27, Шығыс Қазақстан облысында – 24, Ақтөбе облысында – 22, Атырау облысында – 22, Алматы қаласында – 19 адам зардап шекті.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3% және құрылыс саласында – 12% байқалады.

Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (34,4%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32%); жол жүріс ережелерін бұзу (8,4%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%) болды.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) негізгі міндеттерінің бірі екенін естеріңізге саламыз.

Соңғы бес жыл ішінде еңбекті қорғау саласында мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған кешенді шаралар өндірістік жарақаттану деңгейін 6,3%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Еліміздің 3262 кәсіпорны бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап Еңбекмині «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде оған 605 кәсіпорын қосылды.

Құрылыс объектілерінде бас мердігердің объектідегі еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша барлық қосалқы мердігерлерге жауапкершілігі мен бақылауын көздейтін бақылаудың тікелей моделін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл бақылау моделін республиканың 318 кәсіпорны енгізді.

Бұдан басқа жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Онлайн еңбек кеңесшісі» электрондық сервисі іске қосылды. Сервис іске қосылған сәттен бастап оны 41 090 жұмыс беруші пайдаланды.

Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда, ол 4 негізгі бағытты көздейді. Бұл тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік сырқаттанушылық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button