Ел тынысы

Қазақстанда мектеп ішінен дзюдо залдары желісі ашылды

Астана қаласындағы №45 мектепте еліміздегі дзюдодан алғашқы мамандандырылған мектеп залының салтанатты ашылуы өтті. Жоба мектеп спортын дамыту аясында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және спорт ұйымдары бірлесе жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF), «Жеңіс» спорт клубы, сондай-ақ дзюдодан ұлттық құрама мүшелері мен Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Әбиба Әбужақынова мен Ғұсман Қырғызбаев қатысты.

Дзюдо залының ашылуы Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) өзара іс-қимылы және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Judo in Schools («Мектептегі дзюдо») бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама заманауи жабдықтармен қамтылған, әдістемелік базасы бар мектеп дзюдо залдарының желісін кезең-кезеңімен құруды көздейді.

Алғашқы кезеңде №45 мектептің («Келешек мектебі») дзюдо залы заманауи спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Білім беру ұйымына оқушыларға арналған арнайы спорттық инвентарь мен дзюдо кимонолары тегін табысталды.

Сондай-ақ залдың ашылу рәсімі аясында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Халықаралық дзюдо федерациясы, Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» спорт клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат мектеп спортын дамыту бағытында тараптардың тұрақты өзара іс-қимыл тетігін қалыптастыруды көздейді.

«Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық байланыстарды нығайту және дзюдо спортын Қазақстанда жаңа деңгейге көтеру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген секциялар мен жаттығу орталықтары табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгін Халықаралық дзюдо федерациясымен бірлесіп жүзеге асырылып отырған «Мектептегі дзюдо» бағдарламасы аясында жаңа мамандандырылған залдың ашылуы – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл бастама балаларды ерте жастан спортқа баулуға, саламатты өмір салтын ұстануға, сондай-ақ болашақта ұлттық құрама сапын толықтыратын талантты спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеудің маңыздылығын ұдайы айтып келеді. Сол себепті біз орта білім саласында спорттың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның ішінде, командалық спорт түрлеріне көңіл бөлінеді. Дзюдоны  үйрету барысында алғашқы жылы балалардың қауіпсіздік ережелерін меңгеруі маңызды. Бұл спорт философиясы жастарды қарсыласты сыйлауға, төзімділікке, табандылық пен үйлесімді өмір сүруді насихаттайды. Бұл біздің тәрбиеге жақын. Спорт клиптік ойлау кезеңінде оқушыларды ұстамдылыққа үйретеді», -деді ҚР Оқу-ағарту министр Жұлдыз Сүлейменова.

Қазақстанда дзюдо спорты тұрақты дамып келеді. Елдос Сметовтің Париж Олимпиадасындағы тарихи алтын жүлдесінен кейін бұл спорт түріне деген қызығушылық едәуір артты. Қазіргі таңда елімізде дзюдомен шамамен 90 мың адам айналысады, ал спортшыларды даярлаумен 1300-ге жуық жаттықтырушы айналысады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button