Қазақстанда киберқауіпсіздік туралы жеке заң болады

Қазақстанда киберқауіпсіздік туралы жеке заң болады. Цифрлық кодексте қауіп-қатерлерді басқаруға, ақпаратты қорғауға және киберқауіпсіздікке қатысты жаңа тәсілдер белгіленеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Киберқылмыспен тиімдірек күресу үшін «Ақпараттандыру туралы» заң «Киберқауіпсіздік туралы» деп өзгертіледі.
Жобада цифрлық сәйкестік механизмі – сенімді цифрлық ортаны дамытудың өзін-өзі реттеу механизмі қарастырылған. Сондай-ақ ол стратегиялық маңызы бар және шетелдіктерге берілмейтін ұлттық цифрлық активтер – үкіметтік жиіліктер, дерекқорлар, жүйелер және инфрақұрылым үшін құқықтық негізді нақтылайды.
Негізгі жаңалықтың бірі – цифрлық шешімдердің сапасын, ашықтығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үш деңгейлі аудит жүйесі.
Олар:
– функционалды аудит – жүйелердің тиімділігін және олардың қойылған мақсатқа, әсіресе, жасанды интеллект саласына сәйкестігін тексереді;
– киберқауіпсіздік аудиті – цифрлық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіпсіздігін бағалайды;
– реттеуші аудит – цифрлық реттеудің деңгейі мен жаңа заңнамалық базаға сәйкестігін талдайды.
Бұл шаралар сенім мен жауапкершілікке негізделген тұрақты, қауіпсіз және ашық цифрлық экожүйе құруға бағытталған.



