Қазақстанда емделуге цифрлық виза алу 48 елге қолжетімді

Биыл жыл басынан бері 1,5 мыңға жуық шетелдік еліміздің медициналық мекемелерінде ем алды. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Бүгінде Қазақстанда емделуге цифрлық виза алу («E-Visa») 48 елге қолжетімді. Елімізде медициналық туризм жылдан жылға дамып келеді. Мысалы 2025 жылдың ағымдағы кезеңінде республикалық медициналық мекемелерде 1 500-ге жуық шетелдік азамат ем алған (2024 жылдың қорытындысы бойынша 1468 шетелдік азамат емдік көмек алды). Медициналық туризмді дамыту аясында 2025 жылы 13-14 қазанда «Қазақстан денсаулығы: инновация, қолжетімділік, глобализация» атты халықаралық конференция мен көрме өтті. Конференцияға 30 елдің (АҚШ, Қытай Халық Республикасы, Испания, Түркия, Ұлыбритания т.б.) елшіліктерінің 500 өкілі мен 13 елдің сатып алушылары қатысты (БАӘ, Үндістан, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей т.б.). Конференция аясында медициналық, фармацевтикалық және туристік салалардың жетістіктерін көрсетуге арналған көрмелер ұйымдастырылды. Бұл отандық медициналық ұйымдардың әлеуеті, заманауи технологиялар мен медициналық қызмет экспортындағы бастамаларды көрсетуге маңызды алаң болды, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның мәліметінше, 2025 жылы 13-17 қазан аралығында Өзбекстан Республикасында Қазақстан медицинасы күндері өтіп, профильді ғылыми орталықтар мен жетекші дәрігерлер Өзбекстан өңірлерінде (Бұхара, Самарқанд, Нөкіс, Ферғана) медициналық ұйымдар арасында тәжірибе алмасты.
— Бұдан басқа, қазіргі уақытта медициналық туризм аясында медициналық қызмет көрсету саясатын және тәртібін айқындайтын нормалар қарастырылған заң жобасы Мәжілісте қаралуда,- деді Олжас Бектенов.
 
				


