Қазақстанда Әкелер күні аталып өтті

2023 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда ресми түрде Әкелер күні атап өтілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Әкелер – күнделікті өмірдің шынайы қаһармандары. Олар – балалары мен отбасысы үшін күш-қуаттың, даналық пен жауапкершіліктің қайнар көзі. Әке – тек асыраушы ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші, баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін рухани тірек.
Қазақ халқы әкені әрдайым отбасының тірегі, кеңесшісі әрі қамқор тәрбиеші ретінде бағалаған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Әке – асқар тау» деп тамаша айтып кеткен. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин де бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін ерекше атап көрсеткен: «Балалардың тәрбиесіне бірінші кезекте олардың ата-аналары, әсіресе – әкелері жауапты».
Әкелердің қолдауы мен қамқорлығы – әрбір баланың және тұтас қоғамның болашағы үшін берік негіз қалыптастырады.
Айта кету керек, Қазақстанда заңнамалық тұрғыда әкелердің бала күтіміне байланысты демалыс алу құқығы бекітілген. Бұл – отбасындағы теңдік пен өзара қолдаудың айқын көрінісі.
Елімізде әке институтын дамыту – отбасылық және гендерлік саясаттың маңызды бағыты. Бұл міндет 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан және осы бағытта нақты шаралар қабылдануда.
Әке институтын қолдау мақсатында жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 600 мыңнан астам адамды қамтиды. Биыл да әкелер мен балалардың бірлескен демалысын ұйымдастыруға бағытталған ауқымды шаралар – спорттық турнирлер, тақырыптық концерттер, театр қойылымдары өтуде.
2012 жылдан бері елімізде республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – еліміздің барлық өңірлерінен жиналған белсенді әкелерді біріктіретін алаң. Мектептер жанынан 500-ден астам әкелер кеңесі, балабақшаларда әкелер клубтары құрылып, олар отбасы мен бала тәрбиесіне белсенді қатысып келеді.«Әкелер одағы» бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда, олардың қатарында: «Аламан» әкелер футбол лигасы, «Әкелер апталығы», «Саналы әке» тренингтері, зорлық-зомбылықпен күреске арналған Орталық Азия семинары, «Ерекше балалардың ерекше әкелері» бағдарламасы, жалғызбасты әкелерге қолдау көрсету, «Бала Толағай» атты әкелер мен балалар арасындағы спорттық жарыстар бар.
«Әкелер одағының» бастамасымен және Ұлттық комиссияның қолдауымен Республикалық әкелер форумы өткізіледі – бұл отбасы құндылықтарын нығайту мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Айта кетерлігі, VII Республикалық форум қатысушыларының бастамасымен бүгінгі мереке – Әкелер күні – елімізде ресми түрде бекітілді.
Биыл 10-шы мерейтойлық Республикалық форум өтті. Бұл – елдің түкпір-түкпірінен белсенді азаматтар мен әкелерді біріктіретін жыл сайынғы маңызды шара. Форум аясында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер, қазіргі заманғы отбасындағы әкенің рөлі, жауапты әке болудың үздік тәжірибелері талқыланды. Соңғы 10 жылда бұл форумға 3 мыңнан астам белсенді әке қатысты.
Әке институтының дамуы өз жемісін беруде. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 75%-дан астамы бүгінгі таңда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда сенімді бола түскенін атап өтуде.