Қазақстанда 600 мың тоннаға жуық өсімдік майы өндірілді

Қазақстанда өсімдік майын өндіру тұрақты өсу қарқынын сақтап келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 594,9 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27%-ға артық (468,5 мың тонна), деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Соның ішінде күнбағыс майын өндіру көлемі 27,2%-ға өсіп, 411,9 мың тоннадан 523,9 мың тоннаға жетті.
2024 жылы майлы дақылдар егісінің көлемі 2,9 млн гектарды құраса, 2025 жылы ол 4 млн гектарға дейін ұлғайды. Оның ішінде 1,7 млн гектары күнбағысқа тиесілі болды.
Майлы дақылдар егісінің ең үлкен үлесі келесідей: Солтүстік Қазақстан – 23,3%, Қостанай – 23%, Павлодар – 12,5%, Абай – 10,2%, Ақмола – 9,2%, Шығыс Қазақстан – 7,7%.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 3,3 млн тонна майлы дақыл бастырылды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (2,1 млн тонна) 53%-ға көп.
Бүгінде Қазақстанда шикізатты қайта өңдеумен айналысатын 88 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жылдық қуаттылығы – 4,7 млн тонна.
2024 жылы 757,1 мың тонна өсімдік майы өндірілді (+12,6% 2023 жылмен салыстырғанда), оның ішінде 640,3 мың тоннасы күнбағыс майына тиесілі болды (+19,2%).
2024 жылы өсімдік майларының экспорты 2023 жылмен салыстырғанда 29%-ға өсті. Негізгі экспорттық бағыттар: Қытай – 42,4%, Өзбекстан – 35,4%, Тәжікстан – 12,7%, Ауғанстан – 3,2%, Қырғызстан – 1,4%, Латвия және Түрікменстан – 1,8%.
Саланы дамыту және өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасы аясында майлы дақылдар егісін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз шартына қол қойған кәсіпорындарға жеңілдетілген несиелер берілуде.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне (411-бап) сәйкес, қайта өңдеушілерге қосымша құн салығын 70%-ға төмендету түрінде жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасымен қайта өңделген өнімдерді экспорттау үшін санитариялық және фитосанитариялық хаттамаларға қол қойылды.
Осылайша, Қазақстанда өсімдік майлары өндірісінің өсуі – егіс алқаптарын ұлғайту, қайта өңдеуді жаңғырту және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі.