
Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға еліміздің белгілі қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.
Қатысушылар реформалардың негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасып, қоғамға, мәдениетке және шығармашылық салаға қатысты көзделген нормаларды, сондай-ақ азаматтық институттардың орны мен жауапкершілігін талқылады.
Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасына қатысты шығармашылық зиялы қауымның ұстанымын жүйелеп, оны қоғам назарына ұсыну. Пікірталас барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сөз және шығармашылық еркіндігін нығайту туралы айтылды. Сондай-ақ құқықтық реформалардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасында ұсынылған бағыттар мен реформаларды қолдайтындарын білдірді.



