Қазақстан мен Пәкістан арасындағы байланыс нығаяды

Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы Үкіметаралық комиссияның 13-отырысы өтті. Исламабад қаласында өткен отырысқа Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев пен Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық экономика министрі Ахад Хан Чима қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Комиссия отырысы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау және жаңа бағыттарды айқындау үшін маңызды алаңға айналды. Екі елдің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері Қазақстан мен Пәкістан арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогты және тұрақты дамып келе жатқан қатынастарды атап өтті. Сауда-экономика, инвестиция, көлік және логистика, білім беру, мәдениет, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да негізгі салалардағы серіктестікті кеңейтуге зор әлеует бар екені айтылды. Отырыс қорытындысы бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған Хаттамаға қол қойылды.
Ресми сапар аясында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин Исламабад және Равалпинди сауда-өнеркәсіп палаталарының мүшелерімен кездесті. Келіссөздер барысында өзара іс-қимылдың тиімді бағыттары, негізгі салалардағы серіктестік байланыстарды дамыту және Қазақстан мен Пәкістанның іскерлік қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тараптар құрылыс, машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту сияқты салаларда серіктестікті нығайтуда жоғары әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстан мен Пәкістанның іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды орнатуға, тәжірибе және үздік практикалармен алмасуға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер нәтижесінде Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен Исламабад және Равалпинди сауда-өнеркәсіп палаталары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар институционалдық әріптестікті дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің экспорттық әлеуетін ілгерілетуге бағытталған.
Сонымен қатар, өзара іскерлік сапарларды ұйымдастыру, бірлескен форумдар, көрмелер мен таныстырылым іс-шараларын өткізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.