Білім

Қазақстандық ЖОО дипломдары Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдерде мойындалады

Сенаторлар білім саласындағы халықаралық конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда білім беру саласындағы конвенцияны ратификациялау және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселелер қаралды.

Отырыс барысында Палата депутаттары «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заңды қарады. Талқылау кезінде заң еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын одан әрі нығайтуға, студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ, Қазақстан мен Орталық Азияның білім беру жүйелерінің интеграциясын тереңдетуге ықпал ететіні айтылды. Академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтумен қатар дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тану рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі.

«Қаралған құжат тараптар арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Конвенцияның ережелері оған қол қойған елдер арасында біліктіліктің ашық және уақтылы бағалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңның мақұлдануы оған мүше мемлекеттер арасында серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Конвенция қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметтерін экспорттау үшін жаңа нарықтар ашуды және жаңа білім беру практикалары мен оқыту технологияларының трансферін көздейді.

Осылайша, Сенат ЮНЕСКО аясында қабылданған Жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын (Токио конвенциясы) бекітті.

Құжат Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер – Қытай, Жапония, Корея, Австралия, Жаңа Зеландия, Моңғолия және тағы басқа мемлекеттер арасында дипломдарды танудың бірыңғай және ашық ережелерін белгілейді. Қазақстан ортақ стандарттарды, ресми ақпаратпен міндетті түрде алмасуды және білім туралы құжаттарды растаудың жеделдетілген рәсімдерін бекітеді.

Сондай-ақ, конвенция біліктілік туралы ақпарат алмасуға арналған халықаралық APNNIC желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button