Қазақстан автопромы жылына 149 мың көлік шығармақ

Машина жасау саласында биыл отандық автокөліктер өндірісі 149 мың бірлікке дейін немесе 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға артады деп күтілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Өткен жылы 134 мың автокөлік шығарылды. Мұндай өсім Алматыдағы мультибренд Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты есебінен мүмкін болды. Мұнда Chery, Haval және Changan көліктері құрастырылады. Жобаға 202 млрд теңге инвестиция құйылып, жылына 120 мыңға дейін автокөлік шығару және 3,6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі 202 млрд теңгені құрайды, оның жобалық қуаты – жылына 120 мың автокөлік. Күтілетін мультипликативтік әсер – автокомпоненттер өндіретін кәсіпорындардың дамуы. Сонымен қатар Қостанайда жылына 70 мың автокөлік шығаратын Kia Қазақстан зауыты салынуда. Инвестиция көлемі 90 млрд теңгені құрап, ал жұмысшылар саны 1,5 мыңға жетеді. Зауыт аймақтың автомобиль жасау орталығы ретіндегі позициясын нығайтады.
Жанама өндірістерге келетін болсақ, Алматының индустриалды аймағында Almaty Autoparts Production кәсіпорны жұмыс істей бастады. Ол жылына 100 мыңға дейін автокресло шығарады. Олар Hyundai моделдері үшін жеткізіледі және жаңа кәсіпорындарда пайдалану жоспарланған. Машина жасауды, оның ішінде автоөнеркәсіпті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат инвестициялық кластерлер құру арқылы жүзеге асырылады. Экономиканың индустриялық негізін құрайтын 17 ірі жобаның 9-ына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік етеді. Жалпы, отандық автоөнеркәсіптің орнықты дамуы тартылған инвестициялар және локализация бағамы есебінен қамтамасыз етіледі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы машина жасау саласына негізгі капиталға 115 млрд теңге инвестиция тартылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш екі еседен астам өсіп, 282 млрд теңгені құрады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында тартылған инвестиция көлемі 55 млрд теңгеге жетті, ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 33 млрд теңге салынды.
Жалпы, Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде республикалық бюджеттен 1,4 трлн теңге және бюджеттен тыс көздерден 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландыру көзделген.