Қазақстан аймақ бойынша цифрлық көшбасшыға айналып келеді

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі барлық цифрлық сала мамандарын кәсіби мереке – Цифрландыру күнімен құттықтайды. Бұл күн болашақтың технологияларын жасап, цифрландыру саласында қызмет етіп жүрген жандарды біріктіреді. Инженер, әзірлеуші, дизайнер, сарапшылар мен менеджерлер — цифрлық технологияларды әрбір азаматқа жақындатуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Цифрландыру – бұл ең алдымен адамдар. Сол адамдардың еңбегінің арқасында қазақстандықтардың өмірін жеңіл әрі ыңғайлы ететін қызметтер енгізіліп жатыр. Сондай-ақ олар жаңашылдық мәдениетін қалыптастырып, елдің цифрлық болашағына үлес қосуда», – деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бүгінде IT саласында 200 мыңнан астам адам еңбек етуде, олардың шамамен 20 мыңы – жасанды интеллект саласының мамандары. Мақсат – алдағы бес жыл ішінде 1 миллион азаматқа жасанды интеллект дағдыларын үйрету.
Қазіргі уақытта Tech Orda білім беру бағдарламасы аясында 9 037 маман білім алды. Бағдарлама онлайн және офлайн форматтарда жүзеге асырылады және кең аудиторияға да, тәжірибелі мамандарға да бағытталған (Tomorrow School, AI’Preneurs, AI-People Bootcamp, AI Quest 1.0 және т.б.).
Сондай-ақ 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерді оқытуға арналған TUMO креативті технологиялар орталығына қабылдау жүріп жатыр. Ол alem.ai базасында ашылып, балаларға анимация, бағдарламалау, 3D-графика және генеративті ЖИ бағыттарында тегін білім алуға мүмкіндік береді. Ал жастар мен студенттер үшін Tomorrow School – Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer форматындағы ЖИ мектебі жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып мемлекеттік қызметшілерге арналған AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды. Ол жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне этикалық және тиімді енгізуді көздейді. Бүгінде 50 мыңға жуық мемлекеттік қызметші осы бағдарлама бойынша оқудан өтті. Сондай-ақ БАӘ-мен әріптестікте әзірленген QazCoders бағдарламасы жас ерекшелігіне қарамастан бағдарламалау және ЖИ курстарын ұсынады.
Сонымен қатар MIT институтымен бірлесіп, жасанды интеллект пәнін мектеп бағдарламасына енгізу бастамасы іске асырылуда.
2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы маңызды жыл болды. Биыл экзаскейл деңгейіндегі есептеулерді қамтамасыз ететін және ұлттық ЖИ-модельдерін қолдайтын Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері құрылды. Қазақстан NVIDIA және Freedom Holding Corp. компанияларымен бірлесіп тәуелсіз AI Hub құру туралы келісімге қол қойды. Бұл жоба елге өз есептеу қуаттарын қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңірлік ЖИ орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Маңызды оқиғалардың бірі – Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылуы. Бұл экожүйе зертханаларды, AI Academy, TUMO School және Tomorrow School оқу орындарын біріктіріп, жас инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің білім алу және жұмыс істеу алаңына айналды.
Биыл Amazon Kuiper компаниясымен спутниктік интернет жобасын іске қосу туралы келісімге қол қойылды, сонымен қатар Starlink және OneWeb желілері Қазақстан нарығына кірді. Бұл жобалар шалғай мектептер мен ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Generation Nation бастамасы ондаған мың оқушы мен студентті жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау салаларына тартты.
Қазақстан сондай-ақ Cisco, Groq және Joby Aviation компанияларының пилоттық жобалары үшін өңірлік алаңға айналды. Бұл бастамалар жоғары өнімді есептеулер, энергия тиімді технологиялар және қалалық мобильдік бағыттарындағы инновацияларды дамытуға бағытталған.
Цифрландыру күні қарсаңында Astana Hub өзінің 7 жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде хаб Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы IT-индустрияның негізгі орталығына айналды. Резиденттердің саны 1 875-ке жетті, олардың 470-тен астамы шетелдік қатысушылар. 2019 жылдан бері қатысушылардың жиынтық табысы 4,3 млрд АҚШ долларын құрады, ал 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1,5 млрд доллардан асады деп күтілуде. Жеті жыл ішінде Astana Hub стартаптары 840 млн доллардан астам инвестиция тартқан.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov, Smart Data Ukimet, Digital ID және Alem.AI платформалары күн сайын мыңдаған мамандардың жұмысын қамтамасыз етіп, қызметтерді ыңғайлы, қолжетімді және қауіпсіз етеді.
Министрлік Қазақстанды аймақтың цифрлық орталығына айналдыруға үлес қосқан барлық цифрлық сала мамандарына алғысын білдіреді.
«2025 жыл – цифрлық серпіліс жылы болды. Біз цифрлық егемендікті қалыптастырып жатырмыз — мұнда жасалған технологиялар бүкіл өңірге қызмет етеді. Біздің инженерлер мен зерттеушілеріміз адамға қызмет етуге бағытталған жасанды интеллектіні дамытудағы жаһандық қозғалыстың бір бөлігіне айналуда», – деді Жаслан Мәдиев.



