Қазаққа сантехник жат па?

Пәтеріміздің санитарлық торабынан проблема шықса, дереу сантехникті шақырамыз. Оларды сол үйдің пәтер иелері кооперативіне қарасты мамандар арасынан немесе хабарландыру арқылы ақылы түрде шақыртуға болады. Сонда байқайтынымыз – бұл күнделікті тұрмыста аса қажет мамандықты қаракөздеріміз емес, өзге ұлт өкілдерінің жиі меңгеруі. Заң, қаржы саласы сияқты атағы дардай мамандықтардан білім алып, бірақ қызмет таппай, жұмыссыздық деңгейін арттырып жүрген қазақ жастары бұл істен жиіркенеді, қор көреді.
Қазақ өзі тойшыл халық болғандықтан, баласын кішкентайынан әнші, биші, күйші болсын деп тілейді. Болмаса баласына «Өскенде менің балам бастық болады» деп құлағына құяды. Бірақ ол балаға дұрыс білім мен тәрбие, бағыт бермесе, бойында басқарушылық қабілеті болмаса, бірден қайдан бастық болсын?! Ешбір ата-ана баласына: «Бастысы үнемі сұраныс бар, себебі тұрғын үй салына береді, ал оның құбыры ескіреді, сынады, жарылады, сондықтан мұны білсең – жерде қалмайсың» деп айтпайды. Себебі ол – кір, лас жұмыс, елге мақтанатын кәсіп емес. Сол мақтан қуу жолында ақыры баласы еш жерге жарамай, күзетші немесе құрылысшы болып шығады.
Ғаламторға көз жүгіртсек, Қазақстанда слесарь-сантехниктің орташа жалақысы – 222 мың мен 408 мың теңгенің арасында. Бұл кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер мен оқу орталықтарынан оқып алуға болады. Мамандықты оқу бағдарламасына қарай бірнеше айлар мен 2 жылға дейінгі уақыт ішінде меңгеріп шығады.
Хабарландырудан «Сантехник қызметі Астана» деп тердім, суретін қойып, өз қызметін ұсынғандар арасында бұрынғыдан гөрі қазақтар көбейгені байқалды. Бұл, бәлкім, соңғы жылдары Астанада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуімен байланысты болар. Дегенмен сантехник Виталий мен Сашалардың жарнамасы көптеу. Құбыр тазалау, трос кәрізі бойынша қызметін ұсынған бір қазақ сол үшін 1000-1500 теңге сұрайтынын жазса, Иван деген біреу унитаз багындағы арматураны ауыстыруға 10 мың мен 50 мың теңге аралығында ақы алатынын жазған.
12 жылдық тәжірибесі бар елордалық Жанат есімді сантехник соңғы 10 жылда бұл мамандыққа келетін қазақтар қатары көбейгенін, себебі тәжірибесі мол адамға бұл жерде жақсы табыс бар екенін айтады.
– Қазақ атамыз «Есектің артын жусаң да мал тап» дейді. Бұл бізде бір беделді мамандық, бәрі оны мақсат етіп келеді деп айта алмаймын. Көбі амалдың жоғынан келеді, келіп одан әрі жиіркенбесе, тәжірибесі жетіп, ақшасына қызықса қалады. Болмаса бір унитаз тазалағаннан кейін артына қарамай кетеді. Сондықтан мұнда жастар мүлдем келмейді. Әбден жұмыссыздық титықтап, қаржыдан қиналған 30-35 жастағы адамдар келеді. Біздегі жасы ең үлкен сантехниктер – 70 жасқа келіп қалғандар. Табыс әрқалай, тәжірибең мықты болып, сантехника саласының сан қырын меңгерсең, көп аласың. Өзім мекемеден 300 мың теңге жалақы алсам, былай жеке шақыртулар арқылы кем дегенде 300 мыңдай табамын. Ал көп дегенде, яғни бір пәтердің асханасы мен ванна, әжетханасының бүкіл санитарлық торабын орнатып берсең, 2 сағатта 60-120 мың теңге табуға болады, осы және басқа да көлемді жұмыстарды қосқанда айына 1 млн теңгеден астам қаржы табуға болады. Өзім осылай 3 жылда екі балама 2 пәтер алып бердім, енді үшінші балама пәтер алуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Мекемедегі жұмысы тәулік бойынша, бір тәулікке 15 мың теңгеден шығады. Тәуліктік болғандықтан түннің қақ ортасында шақырса да барып, пәтер иелеріне қызмет көрсетеді. Тұрғын үйлер неғұрлым ескі болған сайын соғұрлым сол үйге қызмет етуден түсетін табыс жоғары болады.
– Үйін су басқан пәтер иелері үшін жұмысын бітіріп, суын тоқтатып, жөндеп бергенге дейін «Жәке» боласың, сосын барлық шаруасы біткен соң қайтадан үстіңнен қарап, менсінбей бастайды. Жұмыстың осындай психологиялық ауыртпалығы бар, көбі соған шыдамайды. Бірақ ондай кәрізден су төгілу сияқты қиын проблемалар кезінде ақысын да көп сұрайсың, сондықтан ештеңеге мән бермеуге тырысасың. Одан бөлек, тәжірибесі аз сантехник оқыстан кәрізге түсіп кетуі мүмкін, бұл денсаулыққа өте зиян, одан адам оңбай қалады. Міне, сондықтан мен өзімді өз ортамда механикпін деп айтамын, ал негізгі қызметімді хабарландыруларға жазамын, – дейді елордалық сантехник.
Әлемде Германия мен АҚШ-та сантехниктер өзге елдерге қарағанда жоғары табыс табады. Мәселен, Германияда сантехниктер айына шамамен 2300 еуро алады. Төтенше, апатты жағдайда оқиға орнына барынша жылдам келген сантехникке ақысы екі есе көп төленеді. Қазір тіпті құрылыс саласы қарыштап дамып, сумен жабдықтау, кәріз, орталықтандырылған жылыту жүйесіне сантехниктер көптеп керек. Жалпы Еуропада бұл мамандық иелері кейде профессорлар мен оқытушылардан да көбірек табады. АҚШ-тағы сантехниктердің айлық ақысы 5600-9000 долларға дейін барады.
Google компаниясының бұрынғы қызметкері әрі жасанды интеллектінің «өкіл әкесі» Джеффри Хинтонның айтуынша, әлемде жасанды интеллектінің кең таралуына байланысты көп мамандық қысқарып, жұмыссыздық көбейгенмен, бұл мәселенің бірнеше мамандыққа қатысы болмайды екен. Ол мамандықтар қатарында осы сантехник пен медицина қызметкерлері бар болып шыққан.
«Әдетте, ЖИ ақыл-ой сананы қажет ететін интеллектуалды еңбекті оңай және тез алмастырады, ал дене қимылына тікелей қатысты мамандықтарды ауыстыра қоюына әлі ертерек. Сондықтан болашақта және қазіргі таңда ең дұрысы – сантехник немесе дәрігер болу» деп атап өтті Хинтон.
Қазіргі таңда Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға сұраныс арта түсті. Соның ішінде жүк автокөліктері мен автобустардың жүргізушілері, аспаз және дәнекерлеуші, сантехниктер мен құбыр жүргізуші, техник-электриктер мен штукатура жасаушылар, тракторшылар мен слесарьлер, мото және автокөлік жабдықтарын жөндеушілерге сұраныс көбейді. Шын мәнінде, осы мамандықтар – экономиканың нағыз тірегі. Мұндай мамандықтарсыз күнделікті тұрмысты елестету мүмкін емес. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын қолдау – қоғамның гүлденуі мен тұрақтылығының кепілі.
Райхан Рахметова