Қоғам

Қазақ тілінің ғылым мен технологиядағы рөлі талқыланды

 Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» тақырыбында Назарбаев Университетінде ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекет басшысының Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында «Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық» деген сөзі конференцияның негізгі мақсаты болды. Конференция жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, лингвист ғалымдар қатысты.

Аталған келелі жиында ғылым мен технология дәуіріндегі тілдік стратегия, «KazLLM» – тілдік модельдің оқыту үдерісі, қазақ тілінің цифрлық әлеуетін арттыратын жасанды интеллект жобалары, онлайн медиа контенттегі ғылыми-технологиялық қазақ тілін қолдау қадамдары және тағы басқа өзекті бағыттарда спикерлер сөйледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

«Әлемде ғылым мен техниканың дамуы, жаһандық білім мен ғылым кеңістігіне интеграциялану, ІТ-технологиялардың күнделікті өмірде қолдану қазақ тілін ғылым тілі ретінде жетілдіруді талап етеді. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру – оның қолданысын кеңейтудің, қазіргі үдерістерге сәйкес жетілдірудің ең негізгі тәсілдерінің бірі. Технологиялық прогресс пен қазақ тілін қолдау үшін үлкен тіл моделін жасау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігінің жетекші ұйымдарының қатысуымен консорциум құрылды. Осы ретте мемлекеттік тілде жасанды интеллектіні қолданысқа енгізуге ықпал ететін көлемді деректер, яғни контент жинау жұмыстары жүргізілді. «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесін жетілдіру шеңберінде KazLLM тілдік моделі бойынша 1 млрд. сөзқолданыс жиналды», – деді ол.

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Ж.Мадиев және «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Б.Мусин баяндама жасады, Назарбаев университетінің профессоры Ю.Шамильоглы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры М.Жұмабай, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен философия докторы Р.Әбдуәлиева, АҚШ-тан ғылыми сарапшылар Ә.Әбдуәлиев, А.Әлжан, Ф.Молдашева қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру бойынша өз ойларын бөлісті.

Конференция барысында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ұлттық диктант жобасын таныстырды.

Қазіргі жаһандану және цифрлық коммуникация дәуірінде жазбаша тіл мәдениетін сақтау мен дамыту қоғамның зияткерлік әлеуетінің маңызды көрсеткіші. Осыған орай, шара аясында қоғамда сауатты жазу мәдениетін қалыптастырып, тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында Ұлттық диктант ұйымдастырылды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button