Басты ақпаратМәдениет

Қазақ театры күні болса…

Жақында Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толды. Қазақ руханиятының қара шаңырағына айналған өнер ордасы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында 1926 жылдың 13 қаңтарында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен алғаш шымылдық түрді. Қазақ кәсіби театрының тарихы сол оқиғадан басталады. Сондықтан біле білген адамға биылғы ғасырлық мерейтой – бір ғана мәдениет ошағының мерекесі емес, біртұтас қазақ театрының тойы. Сол себептен 13 қаңтарды Қазақ театры күні деп белгілеген жөн деп есептейміз.

Бізде Қазақ киносының күні бар. Бұл 12 қыркүйек күні аталып өтеді. 1941 жылы дәл осы күні қазіргі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы құрылды. Әрине, бастапқыда Алматы көркем фильмдердің киностудиясы болып аталды. «Қазақфильм» атауын 1960 жылы иеленді. Ал Шәкен Айманов аты 1984 жылы берілді. Белгілі кинотанушы, кезінде Қазақстан кинематографистері одағын басқарған Бауыржан Нөгербек осы оқиғаны негізге алып, 2005 жылы 12 қыркүйекті Қазақ киносының күні деп белгілеуді ұсынды. Содан бастап бұл дата жыл сайын елеп-ескеріледі.

Мұхтар Әуезов театрының, яғни қазақ кәсіби театрының негізін өнер ошағының тұңғыш директоры Дінше Әділов, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанин, әртістер Әміре Қашаубаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Иса Байзақов, т. б. өнер саңлақтары қалады. Ал театрдың ұйымдастырылуына сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасұлы үлкен үлес қосты. Бүгінгі ұлттық театр өнері солар салған сара жолмен алға адымдап келе жатыр.

Қазақ операсының тарихы да осы қара шаңырақтан басталады, қазіргі Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры 1934 жылы Мұхтар Әуезов театрынан бөлініп шықты. Сондықтан қалайда 13 қаңтар Қазақ театры күні деп атауға келеді. Әрине, Халықаралық театр күні мерекесі де бар. Бұл 27 наурызда аталып өтеді. Бірақ Қазақ киносының күні 2 ақпанда аталып өтетін Ұлттық баспасөз күні сияқты Қазақ театры күні болғаны да артық етпейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button