«Қазақ еліне мың алғыс» монументі аумағында тазалық жұмысы жүргізілді

Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Біріккен музейлер дирекциясының ұжымы «Қазақ еліне мың алғыс» монументі аумағында тазалық жұмысын жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарының басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстауға, тарихи-мәдени мұраларды қорғауға және сол арқылы көпшілікке үлгі болуға бағытталды.

«Ұжымымыз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тұрақты түрде атсалысып келеді. Өйткені мұндай игі бастамалар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және туған өлкені құрметтеуге өз үлесін қосады. Бүгін көктемнің алғашқы күндерінде «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдындағы мұзды ойып, ескерткіш аумағын қардан тазарттық. Сөйтіп, рухани орындарды тамашалап, аллеяда тынығамын деушілерге жайлы жағдай жасап, қоғам игілігіне өз үлесімізді қостық деп есептейміз. Экоакция аясындағы іс-шараларымыз одан әрі де жалғасын таба бермек», – деді Біріккен музейлер дирекциясының өкілі Айгүл Мырзақұлова.



