Мәдениет

Қазақ боксшылары топ жарды

Астанада өткен World Boxing турнирі аясындағы Әлем кубогы турнирінде Қазақстан құрамасы медальдар саны бойынша бірінші орын алды. Байрақты бәсекенің финалдық жекпе-жектерін Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев тамашалап, қазақстандық боксшыларды жеңісімен құттықтады.

Елорда төрінде өткен Әлем кубогы жарысы Астана күні мерекесімен тұспа-тұс ұйымдастырылғаны қазақстандық жанкүйерлер үшін тамаша іс-шара болғаны сөзсіз. Бұл жарысқа тек астаналықтар ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де көптеген спорт жанашырлары жиналды.

30 маусым мен 6 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен айтулы турнирге 30 елден келген 300-ге жуық боксшы қатыс­ты. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы 16 салмақ дәрежесінде жүлдеге қол жеткізді. Ерлеріміз 5 алтын, 1 күміс, 2 қола, ал қыздарымыз 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль еншіледі.

Әлем кубогында Санжар Ташкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзад Нұрдәулетов (85 кг) және Айбек Оралбай (90+ кг) сынды жігіттеріміз топ жарса, қыздар арасындағы сайыста Назым Қызайбай (48 кг), Виктория Графеева (60 кг) және Наталья Богданова (70 кг) алтын жүлдегер атанды.

Сонымен қатар, күміс жүлдені Нұрбек Оралбай (80 кг), Алуа Балқыбекова (51 кг), Надежда Рябец (75 кг) және Елдана Тәліпова (80+ кг) жеңіп алды. Ал Ертуған Зейнуллинов (65 кг), Сағындық Тоғамбай (90 кг), Айдана Забынбекова (57 кг) және Аида Әбікеева (65 кг) қола жүлдеге қол созды.

Ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынған байрақты бәсекеде 22 елдің боксшылары жүлдегерлер қатарынан көрінсе, 8 елдің боксшылары чемпион атанды. Атап айтқанда, Қазақстан – 8 алтын, 4 күміс, 4 қола, Бразилия – 4-2-1, Үндістан – 3-5-3, Австралия – 1-1-1, Өзбекстан – 1-0-4, Франция – 1-0-3, Финляндия – 1-0-0, Норвегия – 1-0-0 елдерінің әнұрандары шырқалды.

World Boxing аясында ұйымдастырылып жатқан Әлем кубогы турнирі әлемдік деңгейдегі жаңа жарыс саналады. Осыған дейінгі бірінші кезең Бразилия елінде өткен болатын. Ал екінші жарысты Астана қабылдады.

Енді осы екі кезеңнің нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы кубоктың жалпы медаль кестесінде екінші орынға көтерілді. Қазір отандастарымыздың еншісінде 11 алтын, 7 күміс және 7 қола медаль бар. Ал бірінші орынды, Астанадағы жарысқа ерлер құрамы қатыспаса да 12 алтын, 4 күміс және 11 қола медалі бар Өзбекстан құрамасы сақтап қалды. Үздік үштікті 7 алтын, 7 күміс және 2 қоламен Польша түйіндеп тұр.

Кубоктың келесі, үшінші кезеңі 15-22 қараша күндері Үндістан астанасы Нью-Делиде өтеді.

«Жалпы нәтиже жақсы. «Бес» деген баға беруге болады. Егер тағы екі жігіт жеңіске жеткенде, «беске плюс» болушы еді. Көңілім тоқ, дегенмен бір-екі салмақ дәрежесі бойынша сұрақтар бар. Оларға келесі турнирлерде жауап табамыз деп ойлаймын. Кей жігіттер жарақатына қарамастан жеңіске жете білді. Ал алтын алғандар міндетті түрде Ливерпульдегі Әлем чемпионатына барады. Сонымен қатар 70 келіде Төрехан Сабырхан да бақ сынайтын болады. Қалғандар жаттығу жекпе-жектері мен алдағы жиындар қорытындысы бойынша анықталады» деп түйіндеді Әлем кубогының кезекті кезеңін қорытындылаған Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Қазақстан құрамасы боксшыларының ендігі басты мақсаты – қыркүйек айында Ливерпульде өтетін әлем чемпионаты болмақ.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button