Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қазаға асаба не керек?

Пенденің талқаны таусылғанда дүние есігін жабары анық. Тас түскен жеріне ауыр болғандықтан, дүние салған кісіні мәңгілік мекеніне құрметпен аттандыруда тірілерге сын.

Марқұмды оң босағаға жатқызып, кебіндеу, жаназасын шығару, жетісін, қырқын беру сияқты рәсімдері үйлестіру өте жауапты іс, оны жанашыр жақындары өздері реттеп жатады. Болмаса мешіттің қызметкерлері көмекке келіп, рет-жолын көрсетіп, кеңес береді.

Қала жағдайында асы болсын, қырқы тағы басқа көпшілікке арналған  жиындарды үлкен залы бар, тойханаларда өткізеді. Қаралы қазаға жиналған қауымды басқару да оңай шаруа емес, әулеттің еті тірі ел басқарып жүрген ағасы болса жақсы, ал ауыр міндетті мойнына алар ағайыны болмаған жағдайда асаба басқаратын болып жүр. Алайда той-құдайыны қатар өткізіп үйренген асабалар кейде қайда отырғанын, той ма, қаралы жиын ба, ара-жігін анықтай алмай қалатындары да жоқ емес.

Марқұмның бұ дүниедегі жасаған жақсылығын, жеткен жетістіктерін біліп, сөзіне тиек етуге құлқы жоқ асабалар, әрі-беріден соң тақпақтатып, қаралы жиынға жиналғандарды аң-таң қалдырады. Егер асабаның орнына етжақыны болса оның бар жақсылығын айтып, саналы өміріндегі өнегесін еске алар еді. Бұл да жарасымды. Шын көңілден жүректен шыққан шынайы сезімдер ешқашан өрескел көрінбейді. Жиналған жұрт бірге қуанып, көздеріне жас алып бірге жұбанар еді. Бөтен адамның тақпақтағанынан не пайда?! Ең бастысы, мұнда не үшін келгеніңізді түсінер едіңіз. Басқаша болған жағдайда  ас берушілердің қайғысына ортақтаспақ түгілі, дүниауи әңгіме айтып,  топырлаған жұртты игере алмай қалып жататын жиындар бар. Жиынды басқарушы алтын ортаны ұстауы керек. Ең қиын да сол, марқұмның туыстарының қаралы көңіліне жалау болатын, ауыр психологиялық жағдайын жеңілдетіп, уайым-қайғыға батырмай, сабырға шақырып, аз да болса сүйеу жасау қажет. Көбіне, қаралы жиын банкетке айналып жатады. Үстел басындағы қыбыр-сыбыр, шығып сөйлегендердің «мен», мен» едім деп басталатын сөздері тосқа айналып жатады. Оған асабалар қосарланып, жаттап алған сөздерін айтып қолпаштап жатқаны тым ерсі. Жалпы қай жерде, қай ортада не сөйлеуді, қалай сөйлеуді білмейтін көкезуге, сөздің парқын түсінбейтін тобырға айналып бара жатырмыз. Әдептілік,  сабырлылық ауыр қаза үстінде де керек. Ашумен булығып кейде жағымсыз, ортаға қатысы жоқ әңгіме айтылып қалады. Ондайда ара-жігін білдірмей, әдеппен тоқтатып, жуып-шайып жіберу керек. Асабаның қолынан ондай іс келе ме?!

Асаба болуды міндетіне алған адам қаралы үйге жанашырлықпен түсіністік танытып олардың қалауын тыңдай білуі тиіс. Он минут қалғанда жиынға асығыс келіп өзінің таптауырын болған әдісімен қаралы жиынды басқару жиіркенішті, сенімсіз, жасандылығы көзге ұрып тұрады. Көпшіліктен қолдау, марқұмға деген жылы сөзін естігісі келіп тұрған қаралы үйдің адамдары бас қайғысын ұмытып, асабаның сөзіне еріп, жиынның мағынасын естен шығарады.

Осындай жиындарда асқа шақырылған адамдар ғана емес, естігендер де  орын есептелді ме, жоқ па оған қарамай келіп жатады. Ол да дұрыс  емес-ау. Адамдарды орналас­тыру үшін елді күткізіп қойып артық үстел жасап жату да жақсы емес. Әйелдердің бейнебір тойға келгендеей есіктен кірген танысын көріп, «орын алып қойдым, бері кел» деп шақыруы да әдепке жатпайды. Бұл қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау білмейтін, мәдениетінің төмендігіне жатады. Кейбір жиында атағы болса болды, марқұммен кездесіп біліспеген адамды шақырып сөз береді. Кейде кім сөйлейді деп жүргізуші залға аңтарылып қарауы да ерсі. Қаралы жиынды басқарушы алдын ала жақын адамдарымен сөйлесіп, бірауыз сөзі айтатын-айт­пайтынын анықтап алып барып, ретімен сөз берсе ештеңе емес. Бірақ мен шығып сөйлейін деп өз тарихын айтып кететіндер де қаралы жиындарда жиі кездеседі. Кім сөйлесе де, адамынан айырылып қара жамылып отырған отбасының әрбір мүшесіне деген қамқорлық, көңіл айту басым болуы тиіс. Қаза мен қаралы жиын – адамның менмендігін көрсететін жер емес, әр адамның ажалды пенде екенін еске түсіретін сәті. Өлімде ғибарат бар деген осыдан қалған.          Оңтүстік өңірде асты жүргізуге маманданған, иман жолын ұстаған арнайы асабалар бар. Олар ешкімді сөйле деп үгіттемей-ақ, өзі-ақ дін мен дәстүр тұрғысында үлгі болар уағыз-хикаяттар айтады. Міне, үйренетін дәстүр.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button